Ауруханада контактісіз бақылау жүйесі іске қосылады.
Түркістандағы модульдік жұқпалы аурулар госпиталінің құрылысы аяқталуға жақын, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мемлекет басшысының коронавирусқа қарсы шараларды күшейтуге қатысты берген тапсырмасымен бой көтерген жаңа орталық заманауи техникамен толық жабдықталған.
Коронавирус инфекциясын жұқтырғандарды оқшаулап, сапалы медициналық қызмет көрсететін орталық 60 күнде салынды. Жеті мың шаршы метр аумаққа орналасқан инфекциялық госпиталь 200 орынға лайықталған. Әр төсек - орынға жасанды тыныс алу қондырғысы орнатылған. Медициналық құрал-жабдықтың бәрі қамтылған. Жансақтау бөлімі, зертханасы бар. Науқастар дәрігерді шақыра алатын арнайы қондырғы орнатылған. Емделушілердің денсаулығын арнайы білезіктер арқылы бақылауға болады. Ауруханада контактісіз бақылау жүйесі іске қосылады.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістандағы бірқатар стратегиялық маңызды құрылыс алаңдарында болды. Мердігерлермен кездесіп, құрылысты кестеге сәйкес аяқтауды міндеттеп, сапаға басты назар аударуды ескертті.
Құрылысы жүріп жатқан 8 қабатты кешенді емдеу орталығының жалпы аумағы 100 мың шаршы метрге жуық. Биыл шілде айында басталған құрылыстың аяқталу мерзімі – 2022 жыл желтоқсан айы. 630 орындық көпсалалы аурухананың құрылысы мемлекеттік жекеменшік әріптестік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуда. «Sembol construction» түрік компаниясының қаржыландыруымен салынып жатқан кешенді емдеу орталығы келер жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Жалпы аумағы 16 гектар жерді алатын көпсалалы ауруханада диагностикалық кеңес көрсетуден бастап барлық салада көмек көрсететін бөлімдер жұмыс істейді. Орталық толықтай заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмек.