Инвестордың айтуынша, бүгінде Түркістанда шығарылған түйе сүті өнімдеріне Қытайда сұраныс жоғары.
Түркістандағы «Golden Camel» зауыты қайта іске қосылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңдеу өнеркәсібін дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беруде. Осы бағытта Түркістан қаласында «TUKISTAN» индустриалды аймағы құрылып, онда кәсіпорындар өз ісін жүргізіп отыр.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «TUKISTAN» индустриалды аймағында болып, онда орналасқан «Golden Camel» зауытының жұмысымен танысты. Өңір басшысы зауытты әрі қарай дамыту барысында мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін және бұдан басқа да жаңа жобаларға ашық екенін жеткізді.
Пандемия кезінде жұмысын уақытша тоқтатқан «Golden Camel» зауыты өз жұмысын қайта бастады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды былтыр Қытайға жұмыс сапарында «Golden Camel» зауытының басшыларымен кездесіп, жұмысын тоқтатқан зауытты қайта іске қосу туралы мәселені көтерген болатын. Нәтижесінде, Түркістанда «Golden Camel group LTD» төрағасы Ян Джи және «Win Lun» компаниясының басшыларымен кездесу ұйымдастырылып, тараптар кәсіпорынды қайта жандандыруды қолға алды. Кәсіпорын қайта іске қосылды. Инвестордың айтуынша, бүгінде Түркістанда шығарылған түйе сүті өнімдеріне Қытайда сұраныс жоғары.
Өндіріс орны түйе және бие сүтінен құрғақ сүт шығарумен айналысады. Сонымен қатар мұнда ұлттық сусынды соңғы процеске дейін өңдеп, косметикалық өнімдер мен тұрмыстық химиялық сұйықтықтар шығарылады. Жылына 2500 тонна өнім өндіруге қауқарлы зауытқа 7 млрд теңгеден астам инвестиция құйылған. Өнімінің басым бөлігі шет мемлекеттерге экспортқа шығарылады.