Стационарлық емдеуге жатқызылғандардың жағдайы орташа ауырлықта.
Түркістан қаласында «Royal Grand Hotel» қонақ үйінің аумағында газ баллондары толтырылған «ЗИЛ» маркалы көлік жарылып, 11 адам зардап шеккен, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасы мәлімдеме жасады.
«2019 жылғы 10 қыркүйек күні кешкі сағат 19:00 шамасында Түркістан қаласында «Royal Grand Hotel» қонақ үйінің аумағында газ баллондары толтырылған «ЗИЛ» маркалы көлік өртінен болған жарылыстан зардап шеккендер саны – 11, оның 6-ына алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, амбулаторлық ем тағайындалды және үйіне қайтарылды.
2019 жылғы 10 қыркүйекте Түркістан қалалық орталық ауруханасының травматология бөлімшесіне 4 науқас, 11 қыркүйекте 1 науқас стационарлық емдеуге жатқызылды. Қазіргі таңда, стационарлық емдеуге жатқызылғандар саны – 5, жағдайы орташа ауырлықта», - делінген Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасының хабарламасында.
Сондай-ақ, Түркістан облысы Полиция департаментінің хабарлауынша, қазіргі таңда Түркістан қалалық полиция басқармасының тергеушілерімен қонақүйдің өртке орануы бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы «Өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, осының алдында Түркістан қаласында жойқын жарылыс болып, қонақүй өртенгені туралы хабарлаған болатынбыз.