Жалғызбасты анаға 5 бөлмелі үйдің кілтін табыс етті.
Жетісайлық жомарт жандар тағы бір отбасын қуантты, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қазақ жетімі мен жесірін жылатпаған, кеудесінен итермеген текті халық екені тарих қойнауына енген сан ғасырлардан бері белгілі қасиет. Тәуелсіз елдің бүгінгі азаматтарының ішінде қанға сіңген қасиетті, ата дәстүрді жалғастырып, дәріптеп келе жатқандары да баршылық. Мемлекетке алақан жайып отыруды жөн санамаған жігіт ағалары түрлі қоғамдық қайырымдылық қорларын ашып, көптің көмегімен шын мұқтаж жандарға баспаналы болу бақытын сыйлап келеді.
Сондай қоғамдық қайырымдылық қорларының бірі жетісайлық Ермахмн Рахматулла төрағалық ететін «Нәр-Тамшы» қоғамдық қайырымдылық қоры. Бұған дейін де бейресми жағдайда ауданның жомарт жандарымен бірігіп 10-ға тарта отбасына баспана алып берген азаматтар ресми қор құрып, әлеуеті әлжуаз отбасыларға қолұшын созып келеді. Бүгін де көптің көмегімен Жетісай қаласынан жалғызбасты анаға 5 бөлмелі үйдің кілтін табыс етті. Бұл аталмыш қордың жыл басынан бері тапсырып отырған екінші баспанасы.
Баспаналы болу бақытына ие болған Назгүл Шадманова жалғызбасты ана, 7 және 4 жасар екі қызы бар. Орталық базарда аула сыпырушы болып нәпақы табады. Табысының біраз бөлігі пәтерақысына кетсе, біразы азық-түліктен артылмай келген.
Баспананың ішін қажетті жиһаздармен, азық-түлікпен және күнделікті тұтыну заттарымен, отбасы мүшелерін киім-кешекпен қамтамасыз еткен қор мүшлері мұндай қайырымдылық шарасын алдағы уақытта да тоқтатпақ емес.
Баспана кілтін тапсыру рәсіміне аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Омар Есенбеков, «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Нұрлыбек Мутаев, аудандық мәдениет үйі басшысының орынбасары Азберген Айтышев, «Нәр-Тамшы» қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы Ермахан Рахматулла мен аудан өнерпаздары, «Нұр-Жетісай» мешітінің жамағаты қатысты. Тілектерін айтып, сый-сияпаттарын жасады.
Айта кетейік, халқы тығыз орналасқан Жетісай ауданында баспанаға мұқтаж жандардың, соның ішінде, жас мемлекеттік қызметкерлермен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар мен жетім балалар, әлеуметтік қолдауды қажет ететін аз қамтамасыз етілген отбасылар мен жалғызбасты, көпбалалы аналардың әлеуметтік мәселелерін шешеуге айқын бетбұрыс жасалып отыр.
Бүгінде Жетісай қаласы мен Жаңа ауыл ауылдық округінің аумағында орналасқан 80 га жерде 200 пәтерлі 6 көпқабатты үй бой көтеріп жатыр. Биыл бірқатар үйдің құрылысы аяқталып, үй кезегіндегі азаматтарға тапсырылады деп жоспарлануда. Бекітілген құрылыс жоспарына сәйкес 1 бөлмелі пәтер 37,68 шаршы метрді, 2 бөлмелі пәтер 57,38 шаршы метрді, ал, 3 бөлмелі пәтер 68,49 шаршы метрді құрайтын болады.