Екі ел өкілдері байланыстарды нығайтуға ықпал еткен бірлескен жұмыстың оң нәтижелерін атап өтті.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров бастаған өңір делегациясының Қытай Халық Республикасына ресми сапары жалғасуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Іссапар аясында облыс өкілдері Хубэй провинциясының Халықтық үкіметінің Шетел істері департаментінің директоры Чжан Сяомэймен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы арасындағы ынтымақтастық нәтижелерін талқылады. Екі ел өкілдері байланыстарды нығайтуға ықпал еткен бірлескен жұмыстың оң нәтижелерін атап өтті.
Нұралхан Көшеров қытайлық серіктестерге екіжақты қатынастарды дамытуға белсенді қатысқаны үшін алғыс білдіріп, Хубэй провинциясының басшыларын Түркістан облысына сапармен келуге шақырды. Аймақтар арасындағы байланыстарды нығайту экономиканы дамытуға ғана емес, сондай-ақ тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашатынын жеткізді.
Кездесу Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы арасындағы серіктестікті одан әрі кеңейтуге жасалған маңызды қадам болмақ. Сонымен қатар Қазақстан мен Қытай арасындағы ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестік аясындағы ынтымақтастықтың өсіп келе жатқанын айғақтайды.