Түркістандық диқандар астық ору науқанын алғашқы болып аяқтайды

0
101

Кооператив соңғы жылдары су үнемдейтін нөлдік технологияны жүйелі түрде қолданып келеді.


Түркістандық диқандар астық ору науқанын алғашқы болып аяқтайды

Түркістан облысында бидай ору науқаны жүріп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазығұрт ауданына жұмыс сапары барысында Қ.Әбдәлиев ауылдық округіндегі «Үшбастау» өндірістік кооперативінің егін орағы науқанымен танысты. Мұнда бидай пісіп, биыл елімізде алғаш болып қамбаға түсіп жатыр.

Өңір басшысы астық жинау жұмыстарының ұйымдастырылуын көріп, шаруашылықта енгізілген заманауи агротехнологиялар мен өндірістік әлеуетпен танысты. Қазығұртта өндірілген өнімдер көрмесін тамашалады. Аудан кәсіпкерлері мен диқандармен пікір алмасты.

– Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын әртараптандыруды, терең өңдеуге басымдық беруді тапсырды. Біз осы бағытта жұмысты күшейтіп жатырмыз. Мемлекеттік қолдауларды тиісді пайдаланып, жаңа технологияларды батыл енгізу керек. Ізденіс, еңбек, өзгеріс қажет. Бұл ретте ауыл шаруашылығы мамандарына сенім артылады. Жұмыстарыңызға табыс, еңбектеріңізге береке тілеймін, – деді Нұралхан Көшеров.

«Үшбастау» өндірістік кооперативі 2002 жылдан бері егін шаруашылығымен айналысады. Биыл шаруашылық 700 гектарға бидай, 110 гектарға арпа, 150 гектарға мақсары және 60 гектарға жоңышқа еккен.

Кооператив соңғы жылдары су үнемдейтін нөлдік технологияны жүйелі түрде қолданып келеді. Бұл тәсіл биыл 600 гектар бидай алқабына енгізілді. Технология топырақ құнарын сақтап, ылғалды тиімді пайдалануға және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

Шаруашылықта 2500 тонна астық сақтайтын қойма, заманауи ауыл шаруашылығы техникалары мен астық жинайтын комбайндар бар. Мұнда 12 адам тұрақты, 20 адам маусымдық жұмыспен қамтылған.

Жұмыс сапары барысында облыс әкіміне Қазығұрт ауданының ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі көрсеткіштері, инвестициялық жобалары мен алдағы жоспарлары таныстырылды.

Айта кетейік, Түркістан облысында егін орағы науқаны қарқынды жүріп жатыр. Соңғы сегіз жылда өңірдің ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2,2 есеге артып, 551,1 млрд теңгеден 1,2 трлн теңгеге жетті. Агроөнеркәсіп кешеніне 1 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылып, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 919,4 мың гектарға жетті. Жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі бойынша Түркістан облысы республикада көш бастап келеді.

Бөлісу