Түркістандық екі азамат сым ұрлағаны үшін сотталды

0
1 097

Бағанадан 400 метр сым ұрланып, 200 мың теңгеден астам шығын келтірілген.


Түркістандық екі азамат сым ұрлағаны үшін  сотталды

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысында телефон сымдарын ұрлаған екі азамат сотталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

2018 жылы Түркістан облысы, Түлкібас аудандық полиция бөліміне сол ауданнан телефон сымдарын ұрлау жайты бойынша бірнеше арыз келіп түседі. Осылайша, өткен жылдың наурыз айында, жақын маңдағы елді мекеннің бірінен белгісіз адамдар бағанадан 400 метр сымды ұрлап, 200 мың теңгеден астам шығын келтірді.

Аталмыш жайт ҚР ҚК-нің 188 «ұрлық» бабымен СДТБТ-не тіркеуге алынды.

Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Түлкібас АПБ-нің полицейлері 1991 жылы туылған екі күдіктіні, яғни екі жергілікті тұрғынды қолға түсірді.
Тергеу барысында ұсталған азаматтардың бөтеннің мүлкін ұрлаудың 5 жайтына қатысы бар екендігі белгілі болды. Жәбірленушілерге келтірілген шығын шамамен миллион теңгені құрап отыр. Полицейлер қылмыстық істі айыптау актісімен сотқа жолдады. Соттың шешімі бойынша айыпталушылар М.Тұрғынбек пен С.Құдайберген 1,5 жылға бас бостандығынан шартты түрде босатылды.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға өз мүліктеріне бас көз болып, қараусыз қалдырмауларын ескертеді. Ұрлық орын алған жағдайда тез арада полицияның «102» нөміріне қоңырау шалу керектігін айтады. Бұл өз кезегінде ұрыларды ізін суытпай ұстап, дер кезінде қылмысты ашуға көмектеседі.

Дереккөз: ТО ПД-нің баспасөз қызметі