Түркістандық еріктілер танымдық экскурсия жасап қайтты

0
717

Түрлі салада жүрген белсенді, ерікті 30 жас іріктелген.


Түркістандық еріктілер танымдық экскурсия жасап қайтты

Сайрам ауданының еріктілері Елордадан оралды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы, Сайрам ауданының жастары Ақсу-Отырар-Түркістан-Сауран-Қызылорда-Жезқазған-Сәтбаев-Теміртау-Нұр-Сұлтан-Ақсу бағытында үлкен саяхат жасады. «Еңсесі биік Елорда» танымдық экскурсиясы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған. Елорданың туған күніне орай ұйымдастырылған сапарға ауданның түрлі салада жүрген белсенді, ерікті 30 жасы іріктелген.


Көпбалалы отбасылардан шыққан, жартылай және тұл жетім, тұрмыстық жағдайы төмен жастардың арманы орындалып, экскурсияға аттанған болатын. Біразы бұрын-соңды Нұр-Сұлтан қаласында болмаған. Сайрам ауданы басшылығының қолдауымен жүзеге асқан ауқымды шараның мақсаты – ауданның ерікті жастарына қолдау көрсету. Қоғамдық, қайырымдылық шараларда белсенділік танытып жүрген жастарды ынталандыру, олардың танымдық көзқарасын арттырып, еліміздің тарихи-мәдени орындарымен таныстыру.


Ең алдымен, жастар Отырар ауданындағы Арыстан баб, Ясауи кесенелеріне зиярат жасады. Жаңарған Түркістанды аралап, жаңадан құрылған Сауран ауданындағы ортағасырлық Сауран қалашығының тарихымен танысты. Одан соң Қызылорда қаласының көрікті жерлерін аралады. Қарағанды облысы, Қ.Сәтбаев қаласында орналасқан Академик Қаныш Сәтбаев атындағы мұражайда жергілікті жастармен кездесулер өткізді. Алаша хан кесенесіне зиярат етіп, Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығымен танысты.


Нұр-Сұлтан қаласына саяхат жасап, «Бәйтерек» монументі, Ұлттық академиялық кітапхана, ЭКСПО көрме кешені, «Мәңгілік ел» салтанатты қақпасы, Ұлттық мұражай, Бейбітшілік және келісім сарайында болып, «Атырау» жаяу жүргіншілер көпірімен өтіп, кемемен сапарға шықты. Сапар барысында жастар мақал-мәтел айтудан жарысып, білімділер сайысына қатысты. Интеллектуалдық ойындар ұйымдастырылып, гитарамен ән шырқау кештерін өткізді. Тарихи, деректі, көркем фильмдер тамашалады.