Түркістандық имамдар балаларға планшет пен смартфон тарту етті

0
1 246

«Нұғман» мешітінің молда-имамдары мен жамағаты демеушілік жасады.


Түркістандық имамдар балаларға планшет пен смартфон тарту етті

Түркістан облысының имамдары 47 балаға планшет пен смартфон үлестірді, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасы балаларына қолдау көрсету мақсатында дәстүрге айналған «Мектепке жол» республикалық акциясы биыл Түркістан облысы Жетісай ауданында ерекше бастау алды. Аталған іс-шараға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Омар Есенбеков пен ауданның бас имамы Бекзат Сыздықов, округ имамдары мен ата-аналар қатысты.

Атап айтсақ, жаңа оқу жылына дайындық уақытында аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету, баланың әлеуметтік себептермен мектепке бармай қалуының алдын алу, жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көп балалы, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына нақты көмек көрсету аясында өткен қайырымдылық шарасында 34 бүлдіршінге «MRM-POWER» және «PRESTIGIO» планшеттері мен 13 жоғарғы сынып оқушыларырына «SAMSUNG A21» смартфондары тегін үлестірілді.

«Біз бұл шараны жылда дәстүрлі түрде өткіземіз. Биылға карантиндік жағдайға байланысты оқушылардың қашықтан онлайн түрде сабақ оқитынын ескеріп, осындай жолдармен көмектесуді шештік. Бүлдіршіндеріміздің көңілдерін жадыратқан осы бір сауапты іске атсалысып, демеушілік жасаған барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін»,- деген Жетісай ауданының бас имамы Бекзат Сыздықов оқушыларға ізгі тілегін айтып, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі.

Айта кетейік, бас имамның бастамасымен өткен шараға Жетісай аудандық «Нұғман» мешітінің молда-имамдары мен жамағаты демеушілік жасады.