Түркістандық оқушылар республикалық сайыста топ жарды

0
753

7-8 сынып оқушылары арасында өткен.


Түркістандық оқушылар республикалық сайыста топ жарды

Гандбол спортынан өткен ел біріншілігінде түркістандық оқушылар бас жүлдені иеленді, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Республикалық "Ұшқыр доп" гандбол спорт түрінен 7-8 сынып оқушылары арасында өткен жарыста Түркістан облысының намысын қорғаған Мақтаарал ауданындағы Әл-Фараби атындағы жалпы орта мектебінің оқушыларынан құралған команда жүлделі I-орынды иеленді.

Бүгін Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов жүлдегерлерді арнайы жинап, өзінің ыстық лебіздері мен жүрекжарды тілектерін айтты. Сонымен қатар, жиын барысында аудандық мәслихаттың хатшысы Қадір Сәрсекбаев пен ауданның адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Мұрат Серікбаевтар да өздерінің тілектірін жеткізді.

"Мақтаарал ауданының жасөспірімдері мен жастары қай спорт түрінен болмасын байрақты бәсекелерде топ жарып, ауданымыз бен облысымыздың абыройын республикада, шетелдерде асқақтатып жүр. Міне, бүгін қарапайым ғана ауылдан шыққан мектеп оқушылары республикалық жарыстан бас жүлдемен оралып отыр. Әрине, жеңісті сәттердің соңында бапкерлер мен спортшылардың аянбай тер төккен еңбегінің жемісі тұрғаны анық. Сондықтан, бүгінгі жеңіс үшін тер төгіп, қолдау білдірген барша азаматтарға алғысымды айта отырып, спортшы балаларымызды шын жүректен құттықтаймын!" - деді Бақыт Насырхаұлы.

Қызылорда қаласында өткен республикалық "Ұшқыр доп" гандбол жарысына 8 команда қатысқан. Атап айтқанда, Алматы, Шымкент қалалары мен Қарағанды, Атырау, Маңғыстау, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан келген азулы командаларға дес беріп, Түркістан облысының атынан шыққан Мақтаарал ауданындағы Әл-Фараби атындағы жалпы орта мектебінің командасы үздік ойын көрсетті.

Өте тартысты өткен жарыстың финалдық кезеңінде Қызылорда облысының командасын өз жерінде жермен жексен еткен Әл-Фараби құрамасы жарыстың бас жүлдегері атанды. Оның ішінде өзінің керемет шеберлігімен көзге түскен Сергей Анатольевич Мамедов "Үздік ойыншы" атанса, "Үздік жаттықтырушы" номинациясына Әл-Фараби атындағы жалпы орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Анатолий Геннадьевич Мамедов лайық деп табылды.

Айта кетейік, жүлдегерлерді Қазақстан Республикасының спортына еңбегі сіңген зіл теміршісі, қазақстандықтардың мақтанышы Илья Илиннің өзі марапаттаған болатын.