Түркістандық өрендер әскерге аттанды

0
76

2025 жылдың 1 қыркүйегі мен 30 желтоқсаны аралығында шамамен 2500-ден астам жас Түркістан облысынан әскер қатарына шақырылады.


Түркістандық өрендер әскерге аттанды

Түркістандық 25 сарбаз Алматы облысындағы ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери бөліміне аттанды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласындағы облыстық жиын пунктінен күзгі әскерге шақыру науқаны аясында алғашқы 25 сарбаз Алматы облысындағы ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери бөліміне салтанатты түрде шығарып салды.


Аталған шараға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары, облыстық шақыру комиссиясының төрағасы Зұлпыхар Жолдасов, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы, подполковник Талғат Турабай, ҚР ҚК ардагерлері кеңесінің Түркістан облысы бойынша филиалы төрағасы Бабай Алдабергенов және әскерге шақыру жұмыстарын ұйымдастыруға жауапты тұлғалар қатысты.


Облыс әкімінің бірінші орынбасары жас сарбаздарға ақ жол тілеп, Отан алдындағы борыштарын абыроймен орындауға және туған өлкелерінің, ата-аналарының үмітін ақтап, қазақ жауынгерінің намысты болуы керектігін жеткізді.


Сондай-ақ облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы, подполковник Талғат Сайлауұлы сөз сөйлеп, болашақ сарбаздарға ақ жол тіледі. Ол өз сөзінде әскери-патриоттық тәрбие, әскери қызмет және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша заңнамаға енгізілген өзгерістерге тоқталды. Бұл толықтырулар 16 шілдеде күшіне енді. Олар есепке алу мен шақыру жүйесінде цифрлық әдістерді заң жүзінде бекітіп, жергілікті әскери басқару органдарының жұмысын оңтайландыруға мүмкіндік береді.


Жауапты өкілдердің мәлімдеуінше, биылғы жылдың 1 қыркүйегі мен 30 желтоқсаны аралығында шамамен 2500-ден астам жас Түркістан облысынан әскер қатарына шақырылады. 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтар Қарулы күштердің, Ұлттық ұланның, ҰҚК Шекара қызметінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және Мемлекеттік күзет қызметінің қатарын толықтырады.


Шақыру науқанын ұйымдастыру үшін жергілікті атқарушы органдар шешімімен шақыру комиссиялары құрылып, оларға қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары төрағалық етеді.


Айта кетсек, енді SMS-хабарламалар арқылы жеткізілген шақырулар ресми түрде заңды ескерту әдісі болып саналады. Сонымен бірге, шақыру туралы ақпарат «электрондық үкімет» веб-порталындағы жеке кабинетке де орналастырылады. Сонымен бірге қағаз нұсқадағы шақыру да тұрақты тіркеудегі жеріне, уақытша тұру немесе жұмыс орнына жеткізіледі. Сондай-ақ шақыру қағазын азамат жергілікті әскери басқару органына келіп те ала алады.

Бөлісу