Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессорлары келіп, тәжірибе алмасып, біліктілік арттыру курсын өткізді.
Түркістандық педагогтар біліктілікті арттыру курстарын бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының білім саласын одан әрі дамытуға жаңа қадам басты. Бұл бағытта облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен жүйелі жұмыс атқарылуда. Өткен жылдың соңында Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Болат Тілеп пен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған еді. Түркістан төрінде 6-7 маусым күндері Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессорлары келіп, тәжірибе алмасып, біліктілік арттыру курсын өткізді.
Курсқа Түркістан облысы бойынша білім беру ұйымдары мен мектептен 150-ден өкіл қатысты. Түркістан облысындағы жалпы білім беру ұйымдарының басшылары мен педагог кадрларының біліктілігі мен кәсіби құзыреттілігін жүйелі түрде арттыруды көздейтін бастамаға жыл соңына дейін 1000-ға жуық педагог біліктілігін арттырады деп күтілуде.
“Жайлы мектеп” кадрларын осы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінен дайындықты өткізуді жоспарлап отырмыз. Биыл 29 “Жайлы мектеп” іске қосылады. Бірінші кезекте Ұлттық жоба аясында алғашқы кезекте құрылыс нысанының жойылуына байланысты, толық құрамда жаңа жайлы мектепке көшірілетін 8 мектептің басшылық құрамы мен мұғалімдері біліктілікті арттыру курсына қатысады. Ал, құрылысы 2025 жылы аяқталатын 34 мектептің педагогикалық құрамы кезең-кезеңімен іс-тәжірибеден өтеді», - деп панельдік сессияны қортындылаған облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев арнайы келген профессорлар құрамына алғысын білдірді.
Сессия барысында 16 тақырып бойынша талқыланды. Оның ішінде білім берудегі сапа менеджменті жүйесі (TQM IS), белсенді оқыту әдістері арқылы функционалдық сауаттылықты дамыту, электронды цифрлық ортада орыс тілі мен әдебиеті оқулықтарын пайдалану, «4К моделі» және дискурстық талдау, мұғалімдер мен мектеп оқушыларының ғылыми-зерттеу жұмыстары, жаратылыстану пәндері бойынша метапәндік құзіреттіліктерді қалыптастыру сынды бірқатар маңызды бағыттарда тәжірибесімен бөлісті.
Қатысушылар өздерінің педагогикалық практикасына енгізе алатын жаңа білімді, нақты әдістер мен стратегияларды меңгеруге тамаша мүмкіндік алды. Біліктілікті арттыру курстары тәжірибе мен білім алмасу алаңына айналып қана қоймай, Түркістан облысының білім саласын одан әрі дамытуға ықпал етті.