Түркістандық полицейлер соғыс ардагерінің сыйлығын пайдаланып кеткісі келді ме?

0
1 207

Бұл расталса, масқараның көкесі сонда болмақ.


Түркістандық полицейлер соғыс ардагерінің сыйлығын пайдаланып кеткісі келді ме?

Ордабасы ауданында Ұлы Отан соғысының ардагеріне берілген сыйлық жайлы түсініспеушілік туындады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бірнеше күн бұрын Ұлы Жеңістің 76 жылдығы мерекесі аясында Ордабасы ауданындағы жалғыз ардагерге темір тұлпар сыйға тартылғаны жөнінде ақпарат тараған еді. Ол туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі жариялап,

Ордабасы ауданынан майданға төрт мыңнан астам аттанып, олардың тек екі мыңға жуығы ғана елге оралғанын жазды. Сонымен қатар, аудандағы жалғыз ардагерге су жаңа көлік сыйға тартылғанын да жазған болатын.

"Бүгін Ордабасы ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбеков Ұлы Отан соғысында ерлік танытқан батырларымызға қойылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.Шара аясында аудандағы жалғыз соғыс ардагері Мұратов Қалменге темір тұлпардың кілті табысталып, құрмет көрсетілді", - делінген аудандық баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.

Бір қызығы - одан кейін Түркістан облысы полиция департаменті де осындай хабар таратып, Facebook желісіндегі ресми парақшасына "Ордабасылық полицейлер 97 жастағы ардагерді құттықтап қайтты" деген тақырыппен жазба жүктеген.

"Ордабасы АПБ бастығы полиция подполковнигі Ғалымжан Қуашбаев орынбасарларымен бірге Ұлы Жеңістің 76 жылдығы қарсаңында биыл 97 жасқа аяқ басқан Қалмен Мұратов атамызды мерекеменқұттықтап қайтты.Сонымен қатар тәртіп сақшылары ардақты ардагерге алғыстарын жеткізумақсатында иығына шапан жауып,ақшалай сыйлықтар мен автокөлік табыс етті", - делінген ТО ПД-ның аталған жазбасында.

Сонда кім кімнің берген сыйлығын пайдаланып, атын шығарғысы келген? Жазбаның желіге жариялану мерзіміне мән берсек, бұл хабар аудан әкімдігінің парақшасында 1 күндей уақыт бұрын, яғни ертерек жарық көрген. Бұл түсініспеушіліктің ақ-қарасын ажырату мақсатында екі тарапқа да сұрау салып көрдік.

Ордабасы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі өздері жариялаған ақпараттың рас екенін жеткізсе, облыстық полиция департаментінің қызметкерлері бұл жағдайға байланысты тексеру жүргізіліп жатқанын айтты.

"Бұл жазба назарға алынып, Түркістан облысы Полиция департаменті тарапынан тиісті тексеру жұмыстары жүргізілуде", - делінген ПД баспасөз қызметінің жауабында.

Сондай-ақ, әкімдік тарапы бұл көлікті сыйлауға жергілікті кәсіпкерлер үлес қосқанын айтып, өздері таратқан ақпараттың рас екеніне сенімді болып отыр. Ал, полиция департаментінің тексеруі қашан бітіп, қандай нәтиже шығатыны белгісіз.