Түркістандық полицейлер жас баланы алдап, айыппұл салып жіберген

0
8 987

"Сіздер халықты қорғап емес, қорлап жүрсіздер".


Түркістандық полицейлер жас баланы алдап, айыппұл салып жіберген

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысы Отырар ауданының тәртіп сақшылары әлеуметтік желіде сынға ілікті, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Әнші, композитор Жалын Ғалым Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасына Түркістан облысы Отырар ауданының полиция қызметкерлері жайлы сыни жазба жариялады. Оның айтуынша, аудандық полиция қызметкерлері үйінің маңында жалғыз өзі бетпердесіз жүрген жас баланы алдап, құжатқа қол қойдырып, айыппұл салып кеткен көрінеді.

"Есіктің алдында жалғыз өзі маскасыз жүрген жас баланы алдап-сулап, қол қойдырып алып, неге айыппұл салуға шеберсіздер, Отырар Ауданының полиция қызметкерлері? Аңқаулау, өз күнін әрең көріп жүрген ауыл тұрғындарын осылай басып, жанши беріңдер деп бұйрық берді ме сіздерге?Шәуілдір ауылында полиция қызметкерлері қызметтен тыс уақытта да мансаптарын асыра пайдаланады екен. Олай болмайды. Ең сорақысы жап-жас 30 жасқа жетпеген жігіттер екен сол жағдайларды жасап жүрген. Мына қиын-қыстау кезде одан сайын қиындатпаңыздар өмірді! Сіздер халықты қорғап емес, қорлап жүрсіздер ғой. Кім жауап береді? Әкім бе, полиция басшылығы ма?",- делінген желі белсендісінің жазбасында.

Ал, көпшіліктің наразылығын тудырған жазбаға Түркістан облысы полиция департаменті: "Қайырлы кеш! Бұл жайтқа қатысты тексеру жүргізіп, қосымша жауап жолдаймыз", - деп жауап берген.

Алайда, бірнеше күннен кейін алдыңғы жазбасы жайлы қосымша жазба қалдырған Жалын Ғалымның сөзіне сүйенсек, бұл мәселеге қатысты аудандық әкімдік те, полиция департаменті де жауап бермепті. Ал, бұл жауапсыздыққа ашынған желі қолданушысы:

"Біз қашанға дейін көзді жұмып қараймыз? Өз-өзімізді алдамайық! Өз ауылым - киелі өңірдің аты бұлай шығып жатқаны әрине өзіме де сын. Менің алдында жазған постыма қосымша. Боқтап (автор сөзі), қызметін асыра пайдаланған үш Отырар аудандық полиция қызметкерлері алдап, қол қойдырып, айыппұл салған. Мен түсінемін егер қоғамдық орында маскасыз жүрсе. Ал мұнда өзіміздің қақпаның алдында жалғыз тұрған жас балаға олай жасағандарын қалай түсінеміз? Оқуын әлі бітірмеген жас бала айыппұлды қалай төлейді? Оқиға біздің үйдің қасында Фатима Садықбекқызы көшесінде болған. Сосын не үшін боқтайды? Не үшін күш көрсеткісі келеді? Қылмыскер ұстады ма? Сұрақ көп... Енді сол айыппұлды үндемей төлеп жүре беруіміз керек пе, ағайын? Сонда адам құқығымен ойнай бере ме осындай шаш ал десе бас алатын аудандық кейбір полиция қызметкерлері? Ауруын жасырған өледі. Жасырмайық! Өмірге қайта-қайта келе беретін уақыт жоқ! Әлі әкім де үнсіз, аудандық пқ (полиция қызметі) де үнсіз! Әлде мұндай жағдайларға етіміз үйреніп кеткен бе?",- деп жазыпты кезекті жазбасында.

Аталған екі жазба жайлы желі қолданушысына хабарласқанымызда 3 күндей уақыт бұрын көтерілген бұл мәселеге не әкімдік, не құзырлы мекемелер тарапынан әлі жауап болмағанын айтты.

"Төлесек табылады ақша, бірақ бұлай жалғасқаны дұрыс емес. Қоғамдық орында маскамен жүру керек. Ал далада жалғыз маскасыз тұрған адамға келіп соқтығу дұрыс емес. Мен мегаполис тұрғынымын. Көшеде маскасыз адамдар көп жүрген. Ал қоғамдық орындарда маскамен жүреді. Ауылда бұлай есіктің алдынан ұстап айыппұлды салу деген миға сиымсыз. Шаш ал десе бас алатын жандайшаптар біздің қоғамды ластайтын. Осындайлардан арылуымыз керек. Ол үшін осылай азаматтық позициямызда тұрып, субьективті пікірімізді білдіруіміз керек", - дейді Жалын Ғалым.

Айта кетейік, қоғамның қызу талқысына түскен бұл мәселеге қатысты Түркістан облыстық полиция департаментінен ресми жауап күтеміз және мәлімдемені жариялайтын боламыз.