Курс үш кезең бойынша ұйымдастырылды.
Түркістан облысында іске асырылатын Жол картасына сәйкес халықаралық оқыту курсы ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды білім сапасын көтеру жөнінде нақты міндеттер жүктеп, тиісті қолдаулар көрсетуді тапсырған болатын. Осыған байланысты жаңа оқу жылында Түркістан облысы «Білім беруді дамыту орталығы» КММ 2024-2025 жылдарға арналған «Баршаға қолжетімді сапалы білім» ұлттық баяндамасы аясында Түркістан облысында іске асырылатын Жол картасына сәйкес халықаралық оқыту курсын ұйымдастырды.
Курс үш кезең бойынша ұйымдастырылды. Бірінші кезең онлайн түрде өткізлсе, екінші кезеңі Алматыда жүзеге асырылды. Ал үшінші кезеңде іріктелген педагогтар Малайзия және Сингапурға барып, білім-білігін шыңдады.
Халықаралық оқыту курсының үшінші кезеңі 2024 жылдың 24 қарашасы мен 30 қарашасы аралығында «Мұғалімдердің болашақтағы және заманауи білім беру сапасын арттыру» тақырыбында өтті.
Педагогтар әлемдік рейтингте үздік 20 жоғарғы оқу орнының қатарындағы Малайзияның атақты «Asia pacific university of technology and innovation» университетіне барып, оқу үдерісімен, оқыту бағдарламаларымен танысты. Сонымен қатар «Marefat international school» мектебіне барып, Кембридж жүйесінің оқыту және бағалау ерекшеліктері, педагогтардың кәсіби біліктілігін арттыру, оқушылардың білімін бағалау әдістері туралы ақпарат алды.
Курстың үшінші күні педагогтар Малайзияның атақты жоғары оқу орындарының бірі «Malaysian Institute of Aviation Technology» авиациялық институтына, «Mahsa International School» халықаралық мектебіне барды. MAHSA халықаралық мектебі өзіндік бағдарлама аясында қауіпсіз және дамушы ортада сапалы білім беруге ұмтылады. Мектеп әр бала құрметке, қорғауға, бақытқа және көшбасшы болуға лайық деген ұстанымда жұмыс істейді.
Курстың төртінші күні отыз мыңға жуық студент білім алатын Малайзиядағы ең үлкен жоғары оқу орындарының бірі «Xiamen University Malaysia» университетіне барып, оқу орнының кампусымен, білім беру бағдарламаларымен, кітапхана жұмысымен танысты.
Өңір ұстаздары Сингапурдағы «Invictus International School» мектебіне де барды. Мектеп миссиясы – әрбір оқушының жан-жақты дамып, табысты өркендеуіне мүмкіндік беретін жетекші білім ордасы болу. Бастапқыда Сингапурда құрылған бұл мектептің бүгінде Гонконг, Камбоджа, Таиланд және Малайзияда кампустары бар. Мектеп директоры ұстаздарымызды оқу үдерісінің, дарынды және үлгерімі төмен оқушылармен жұмыс жүргізу ерекшеліктерімен таныстырды. Мектеп әр баланың зейінін шоғырландыруға және оқуға бар күш-жігерін салуға көмектесіп, тыныш және бейбіт мектеп ортасын құру үшін табиғи ортаны пайдаланады. Күннің екінші жартысында ұстаздар Сингапур ұлттық мұражайына барып, елдің даму тарихымен, мәдениетімен танысты. Халықаралық байланыс орнатылып, меморандумдарға қол жеткізілді.