Түркістандық зейнеткер атыс қаруының жаңа нұсқасын ойлап тапты

0
1 750

Түрлі салаларда еткен еңбектері ескерілген Жетісайлық ұстаз «Труд в СССР – дело чести», «За трудовое отличие», «Ерен еңбегі үшін», «Батыр шапағаты», «Қазақстан Республикасы Қорғаныс күштерінің үздігі» төсбелгілерінің, «Алтын жүрек» жалпыұлттық сыйлығының иегері, Кентау және Астана қалаларының «Құрметті Азаматы».


Түркістандық зейнеткер атыс қаруының жаңа нұсқасын ойлап тапты

Жетісайлық өнертапқыш ұстаз АКМС-74 атыс қаруының жаңа нұсқасын ойлап тапты, - деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Саналы ғұмырының 38 жылын адал еңбекке арнаған Орынбасар ағамыз 1957 жылы Түркістан облысы, Жетісай ауданында дүниеге келген. 1974 жылы орта мектепті жақсы көрсеткіштермен тәмамдап, 1975 – 1977 жылдары Отан алдындағы борышын абыроймен атқарған. Сол жылы Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технологиялық институтына оқуға түсіп, 1982 жылы қызыл дипломмен бітіріп шығады. Білімі мен талабы жоғары жас маман студент кезінде жүріп-ақ алғашқы жобасын жүзеге асырып, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталады. Оқуды бітірген соң алғаш еңбек жолын көршілес елдегі «Жызақстепстрой» тресінде механик болып бастап, бас инженерлікке дейін көтеріледі.

1990 – 2020 жылдар аралығында Жетісай ауданына қарасты №5 «А.Байтұрсынов» және №15 «М.Жұмабаев» атындағы жалпы орта мектептерінде алғашқы әскери дайындық пәнінің жетекшісі қызметін атқарған. Бүгінде зейнеткер.

Бірнеше мамандықтың басын біріктірген Орынбасар Әбуұлы алғашқы дипломы – құрылыс-инженері мамандығы бойынша бірқатар ірі жобаларды жүзеге асырған жан. Сонау студенттік жылдарда институт алдындағы су бұрқақтың жобасын жасаудан басталған құрылыс-монтаждау жұмыстарына деген қызығушылық 2004 жылы Орынбасар Әбуұлын «Жаңа технология әдісімен темір, бетон конструкциясы мен темір, пластик бойынша олардың физикалық шамасын анықтау мәселесі» тақырыбында физика-математика ғылымдарының кандидаты атағына жеткізді.

Араға 4 жыл салып Орекең Қазақстан Республикасы әскери қорғаныс саласының техникалары мен құрал-саймандарына өзіндік жаңалық енгізді. Бұл жолы автоматты қарумен қандай қашықтықта болмасын нысананы лазерлік сәуле арқылы дәл тигізетін және қолындағы қару арқылы өзіңді нысанаға алған адамның қимыл-әрекетін діріл арқылы білдіретін құрылғы ойлап шығарды. Аталмыш еңбегі үшін 2008 жылы ҚР Қорғаныс министрлігінің «Қазақстан Республикасы Қорғаныс күштерінің үздігі» белгісімен марапатталып, Нұр-Сұлтан қаласынан 4 бөлмелі пәтер берілді.

Ал, 2009 жылы ұлттың ұлылығының символына айналған Сарыарқа төріндегі «Хан Шатыры» жобасын жүзеге асыруда да қарапайым ауыл ұстазының жобасы үздік деп танылды. Ағылшын сәулетшісі лорд Норман Фостердің дүние жүзінің ең ірі құрылыстарының бірі саналатын жобасын жүзеге асыруда ғимарат шатырларын 150 метрлік биіктікте ұстап тұратын тіреулердің, метал қондырғылардың беріктігін, мөлшерін, салмағын дәлме-дәл есептеуде еліміздің мықты деген 4 ғалымы мен Жетісайлық мұғалімнің де жұмысы ұсынылады. 15 ғалымнан құрылған комиссия Орынбасар Ахметовтың жұмысын мақұлдайды. Кейіннен Орта Азиядағы ең мәртебелі құрылыс туындысы саналатын «Хан Шатыры» ғимаратының салтанатты ашылуында жобаның жүзеге асуына атсалысқан Орекеңе «Астана қаласының Құрметті азаматы» атағы беріліп, төсбелгісі тағылады. 2010 жылы «Алтын жүрек» жалпыұлттық сыйлығының иегері атанады.

Орынбасар Әбуұлы әскери АКМС-74 автоматын түрлендіріп, 2014 жылы жаңа жобасын жасап шығарған. Ұңғысын 17 сантиметрге ұзартып, сыртқы қаптамасы аллюминий мен металлопластикпен қапталған жеңіл әрі 3 шақырымдық қашықтықтағы нысананы дәл көздеу мүмкіндігін беретін снайперлі түрін жасап шығарған. Бүгінде қарудың бұл түрі Ресей Федерациясының әскери қорғанысында Ах-17 белгісімен қолданысқа енгізіліпті.

Кезінде Кентау қаласындағы эксковатор зауытының трансформатор зауыты болып қайта құрылуында да жаңа технологиялық жобасы үздік танылған Орынбасар Ахметовке сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Нұрғали Әшімовтің шешімімен Шымкент қаласынан 3 бөлмелі пәтер берілген.

Түрлі жағдайларда 12 адамды ажал ауызынан арашалап қалған Ахметов Орынбасар Әбуұлы бүгінде Қазақстан педагогикалық академиясының профессоры, физика ғылымдарының докторы атағына ие.