4 перзентімен бірнеше жылдан бері пәтер жалдап күнелтіп келген.
Түркістан қаласындағы «Бекзат» мөлтек ауданының ер азаматтары көпбалалы отбасыға баспана кілтін табыстады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қасиетті Рамазан айында ізгі амал жасау түркістандық жастар арасында дәстүрге айналған. Жылдағы үрдіс бойынша Түркістан қаласындағы «Бекзат» мөлтек ауданының 1995 жылы туған ер азаматтары көпбалалы отбасыға баспана кілтін табыстады.
Жалғызбасты ана Айсұлу Көшербаева тағдыр тауқыметімен мүмкіндігі шектеулі әкесіне қамқорлық жасай жүріп, 4 перзентімен бірнеше жылдан бері пәтер жалдап күнелтіп келген. Қасиетті Рамазан айында қайырымды істің шарапатын көрген жанұя жақсылыққа жаны құмар жандарға алғысын білдірді.
5 бөлмелі баспананың лентасын қиып, кілтін табыстау ауыл ақсақалы Дәулеткерей Оспановқа, Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Адырбекқызына және мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің қарындасы Айғаным Серімге бұйырды. Қалалық мәслихат депутаттары Жандос Арыстанов, Жанбота Тағайбаев, ел ағалары Базарбай Мұсабеков пен Нұрғали Шерімбетов құттықтауын жеткізіп, ізгі тілектерін арнады.
Айта кетейік, 1988 жылы туған азаматтардың бастамасымен Әз-Наурыз мерекесі қарсаңында бір отбасын баспанамен қамту шарасын 1995 жылы туған жігіттер жалғастырды. Игі дәстүрдің арқасында осы уақытқа дейін 20 отбасы баспаналы болып отыр.
Келесі кезекте 29 наурыз күні «Ынтымақ» саябағында Наурыз думан тойы ұйымдастырылып, қайырымдылық эстафетасы 1996 жылы туған азаматтарға ұсынылады. Жалпы, аталған мөлтек ауданда жыл сайын аз қамтылған 2 отбасыға үй табысталады. 1982 жылы туған азаматтардың 20 жылдық түлектер кездесуінде сыныптастары үшін салынған үйді табыстау рәсімін жалғастыруға биыл 1988 жылғы азаматтар жұмылады.


