1 111 рет көтерген.
Арыс қаласында ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы, Арыс қаласында қала күні мерекесі қарсаңында қалалық ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастырумен ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті.
Ұлттық салт-дәстүрлеріміз дәріптеліп, салауатты өмір салты насихатталған шарада қала жастарымен бірге Шымкент қаласы, Қазығұрт және Ордабасы ауданының жастары қатысты.
Қатысушылар ұлттық спорт түрлері – арқан тарту, қол күрес, қошқар көтеру, гір тасын көтеруден бақ сынасты.
Осы аталған спорттық сайыстардың ішінде көпшіліктің назарын аударғаны «Қошқар көтеру» сайысы болды. Қатысушылар арасында өзінің мықтылығын дәлелдеп, салмағы 43 келі болатын қошқарды 1 111 рет көтерген Азамат Мақұлбеков бас жүлдені иеленіп, Арыс қаласының жаңа рекордын орнатты. Ал, қошқарды 160 рет көтерген Мәжит Архат екінші орынды, 150 рет көтерген Данияр Айтбек үшінші орынды иеленді.
Жарыс жеңімпазы Азамат Мақұбековке өзі көтерген қошқар берілсе, қалған жүлдегерлер мен қатысушыларға ұйымдастырушылардың бағалы сыйлықтары табыс етілді.
Бір қызығы, ерлерден соң қошқар көтеру кезегін алған арыстық Әділ Ақнұр есімді ару тіпті, бірқатар жігіттерді шаң қаптырып, семіздікті көтеретін жалғыз жануарды 64 рет көтерді. Келушілерді таңқалдырған жігерлі аруға да арнайы сыйлық табыс етілді.
Сол сияқты барлық спорт түрінен жүлделі орын алған қатысушылар арнайы алғыс хатпен марапатталып, олардың бәріне тұрмыстық техникалар сыйға тартылды.
Бұдан бөлек, Арыс қаласының өркендеп дамуына, жастардың патриоттық рухын көтеріп, саламатты өмір салтын ұстануда еңбек етіп, демеушілік танытып жүрген қаламыздың бірқатар азаматтарына да алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.