Екпе егу көрсеткіші бойынша Қазақстан ТМД елдері арасында 2-орында.
Түркістан облысы тұрғындарының 90,5 пайызы короновирусқа қарсы екпе қабылдаған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы тұрғындарының бүгінгі таңда 90,5 пайызы короновирусқа қарсы екпенің 1-компонентін қабылдаған. Тамыз айының екінші жартысынан бастап республика бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануы байқалып жатыр. Оған коронавирустық инфекцияға қарсы егілгендер санының көбеюі әсер етуде. Бұл туралы брифингте Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев мәлімдеді.
«2021 жылдың 3 тамызы күні Қазақстандағы коронавирус пандемиясымен күрес бойынша «Ел үшін егілемін» Азаматтық штабы құрылды. Оның мақсаты – COVID-19-ға қатысты барынша шынайы ақпарат таратып, азаматтарды вакцина алуға үгіттеу. Біз елімізді қалыпты, ковидке дейінгі өмірге қайтаруды мақсат етіп отырмыз. Ал бұл ұжымдық иммунитетті қалыптастырып, халықтың 70-80 пайызын егу арқылы ғана мүмкін болмақ. Ағымдағы жылғы 28 қыркүйектегі жағдай бойынша республика бойынша бірінші компонентпен – 7 560 935 егіліп, тиісті контингентпен қамту 75,8%-ды құраған. Ал екінші компонентпен 6 452 766 адам егіліп, қамту - 64,7%-ды көрсетіп отыр», - деді Ержан Халиұлы.
Сондай-ақ, брифингке қатысқан ҚР Заңгерлер одағы филиалының жетекшісі, Азаматтық штаб қатысушысы Серік Беркамалов коронавирустық инфекцияның қазіргі таңда неғұрлым бақылауды қажет ететін 8 түрі бар, оның 4-і Қазақстанда анықталғанын айтты.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, «Eta», «Iota», «Kappa» штамдары бақылауда бола алатын штамдар қатарына кіреді. Сондықтан да бұл штамды вирустардан қауіптенудің қажеті жоқ. Жалпы коронавирус инфекциясына қарсы екпелердің барлығы дерлік инфекцияның штамдарына қарсы тұра алады. Коронавирустың барлық түрі де адам денсаулығына әсер етіп, зиянын тигізуі мүмкін. Сондықтан аурудан кейін асқынуды болдырмау мақсатында уақытында коронавирустық инфекцияға қарсы егілу қажет. Республикада коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына байланысты 27 қыркүйектен бастап қауіпсіз (жасыл) статусты адамдарға ғана мерекелік шараларды өткізуге рұқсат берілді», - деді Серік Нұртазаұлы.
Бүгінгі таңда КВИ-ға қарсы екпе егу көрсеткіші бойынша Қазақстан ТМД елдері арасында 2-орында және әлемнің барлық елдері арасында 42-орында. КВИ-ға қарсы ұжымдық иммунитетке қол жеткізу үшін әлемдік тәжірибеде халықтың 60%-дан астамын осы инфекцияға қарсы екпемен қамтуға қол жеткізу қажет. Елде COVID-19-дан ұжымдық иммунитеттің қалыптасуы қалыптасу сатысында.