Түркістанға Финляндиядан инвестиция тартылу мүмкін

0
926

Облыс орталығынан ірі компания өкілдіктерін ашуды ұсынды.


Түркістанға Финляндиядан инвестиция тартылу мүмкін

Түркістанға Финляндиядан инвестиция тарту мәселесі талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістанға Финляндияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сойли Мякеляйнен-Буханист жұмыс сапарымен келді. Мәртебелі мейманды Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай қарсы алып, екіжақты байланысты нығайту жөніндегі пікір алмасты. Кездесуге елшімен бірге Финляндияның кәсіпкерлері мен атақты компанияларының еліміздегі бірнеше өкілі қатысты. Сойли Мякеляйнен-Буханист Финляндия мемлекетінің жасыл экономика, энергетика, ақылды қалалар және өзге де салалар бойынша тың жобаларды жүзеге асырып үлгергенін мәлімдеді. Түркістан өңірінің инвестициялық әлеуетін білу әрі әріптестік орнату мақсатында келгенін айтты.


«Финляндия жасыл экономикаға, табиғи ресуртарды тиімді пайдалануға, қоршаған ортаға зиянсыз өндірісті дамытуға басымдық береді. Елімізде тұрмыстық қоқыстың 56 пайызы қайтадан энергия көзіне айналса, 43 пайызы қайта өңделіп, кәдеге асады. Қоқыс полигондарына қажеттілік жоқ. Осы және өзге салаларда сіздермен әріптестік орнатуға мүмкіндік бар. Өңірдің мүмкіндіктерін саралап, жоспарларыңызды білгіміз келеді», – деді елші.


Ал, Арман Жетпісбай Түркістан облысында қолға алынған жобалармен таныстырды. Түркістан қаласы маңында арнайы экономикалық аймақ құрылғанын, газ, электр қуаты және қажетті инфрақұрылыммен қамтылғанын атап өтті. Ірі компания өкілдіктерін Түркістан қаласында ашуды ұсынды.


«Түркістанда өндіріс орындарын ашуға, инвестиция салуға барлық жағдай бар. Әлемдік деңгейде дамыған Финляндия инвесторларын қуана қарсы аламыз. Барлық сала бойынша сіздермен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Қазіргі таңда Түркістанда инфрақұрылым толық қаланып, жаңа қала пайда болды десек болады. Өңірде туризм, өндіріс, білім, медицина салаларына басымдық берілген. Осы салалар бойынша ауқымды жобалар жүзеге асыруға болады. Ағын су мәселесі толық шешілген. Спорт нысандары салынуда. Үлкен теннис, қысқы спорт түрлері, хоккей салалары бойынша да фин тәжірибесін қарастыруға мүдделіміз», – деді Арман Шәріпбай.


Кездесу барысында екі тарап бір-бірімен ақпарат алмасып, алдағы уақытта байланысты тереңдете түсу жөнінде уағдаласты.