Түркістанның тарихи-мәдени мұралары насихатталды

0
132

Қасиетті Түркістан шаһарының тарихи қорғаныс жүйесін құраған төрт қақпаның бірі – Жеті ата қақпасы.


Түркістанның тарихи-мәдени мұралары насихатталды

Түркістанда «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен музей-қорықтың жаңа туристік бағытына енгізілген тарихи-мәдени нысандарға арналған баспасөз туры өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Алдымен шараға қатысушылар Баб Араб мешіт-музейін, Жеті ата қақпасын, сондай-ақ Баб Араб пен Үндемес ата кесенелерін аралап, олардың тарихи-мәдени маңызымен танысты.

Шараның негізгі мақсаты – музей-қорықтың жаңа туристік маршрутын көпшілікке таныстырып, оның құрамына енген бірегей тарихи-мәдени ескерткіштер мен олармен байланысты тарихи тұлғалардың мұрасын кеңінен насихаттау. Іс-шараға БАҚ өкілдері, туризм саласының мамандары, тарихшылар, ғалымдар және музей-қорық қызметкерлері қатысты. Іс-шараны музей-қорық директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков ашып, жаңа туристік маршруттың өңірдің тарихи-мәдени мұрасын танытудағы және туризмді дамытудағы маңызына ерекше тоқталды.

Баспасөз туры барысында тарих ғылымдарының кандидаты, белгілі археолог Марат Тұяқбаев Баб Араб мешіт-музейі, Жеті ата қақпасы және Баб Араб пен Үндемес ата кесенелеріне жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстары мен археологиялық қазбалардың нәтижелері жөнінде жан-жақты мәлімет берді. Оның айтуынша, көпжылдық археологиялық ізденістер мен мұрағаттық зерттеулердің нәтижесінде аталған тарихи нысандардың бастапқы келбеті ғылыми тұрғыдан зерделеніп, толықтай қайта қалпына келтірілген. Бұл жұмыстар Түркістанның тарихи келбетін жаңғыртып, оның мәдени мұрасын келер ұрпаққа сақтап жеткізу жолындағы маңызды қадамдардың бірі саналады.

Қасиетті Түркістан шаһарының тарихи қорғаныс жүйесін құраған төрт қақпаның бірі – Жеті ата қақпасы. Қақпаның ішкі жағындағы оңтүстік беткейде Баб Араб мешіті, сондай-ақ Баб Араб пен Үндемес ата кесенелері орналасқан. Өзара іргелес бой көтерген бұл тарихи нысандар ғасырлар қойнауынан сыр шертетін киелі орындардың қатарына жатады. Баб Араб пен Үндемес ата кесенелерінің 1910 жылы түсірілген тарихи фотосуреті бүгінгі күнге дейін сақталған.

Бұл құнды дерек кесенелердің бір кезеңде салынғанын, шикі кірпіштен қаланып, сыртқы қабырғалары сапалы әрі қалың лай сылақпен өңделгенін айқын көрсетеді. Ғылыми зерттеулер мен мұрағаттық материалдарға сүйенсек, аталған сәулет ескерткіштері ХІХ ғасырдың 90-жылдарында тұрғызылған.

Баб Араб кесенесі мен мешіті 2009 жылы жүргізілген қақпалардың теодолиттік түсірілімі және 2011 жылғы Жеті ата қақпасына жасалған археологиялық зерттеулер барысында жинақталған тарихи деректер негізінде қайта жаңғыртылды. Зерттеу кезінде күйдірілген кірпіштен қаланған мешіт қабырғасының қалдықтары анықталып, Баб Араб мешітінің орны мен төртбұрышты кірпіштен төселген еден бөліктері табылды.

Айта кетейік, Үндемес ата кесенесі де Жеті ата қақпасының маңында орналасқан маңызды тарихи ескерткіштердің бірі болып табылады. 2009–2010 жылдары жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында қақпаның ішкі жағындағы көптеген құрылыс нысандары ашылып, солардың қатарынан Үндемес ата кесенесі де анықталды.

Кесене қабырғаларының өлшемдері әртүрлі болғандықтан, оның батыс бұрышы созылыңқы пішінде салынған. Алғашқы құлпытасы күйдірілген қыштан өрілген, қазіргі таңда оның бірнеше қатары сақталған. Бүгінде бұл нысандар Түркістанның тарихи келбетін айшықтайтын, халқымыздың рухани және мәдени мұрасын танытатын маңызды ескерткіштердің бірі ретінде бағаланады.

Бөлісу