Мәдени шара Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Арыс қаласы әкімдігі мен Үсенбаевтар әулиетінің ұйымдастыруымен өтті.
Арыс қалалық П.Үсенбай атындағы "Үлгілі ұстаз-2018" байқауы үздіктерді анықтады, - деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Мәдени шара Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Арыс қаласы әкімдігі мен Үсенбаевтар әулиетінің ұйымдастыруымен өтті. Мақсаты қазақ әдебиетінің әлеуеттілігін арттыра отырып, өлең жыр айдынының арнасын кеңейту, КСРО және ҚР. Білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз, Арыс қаласының «Құрметті азаматы», ұлтжанды жазба ақын П.Үсенбайдың шығармаларын халық арасына кең көлемде насихаттау, есімін жас ұрпаққа ұғындыру және ұстаздардың еселі еңбегін дәріптеу.
Байқауды Динара Пернебекқызы ыстық ықыласымен ашып, сөз сөйлеп, ақынның перзенті, опера әншісі Нұржамал Үсенбаева әннен шашу шашты. Жерлестеріне шалқар шабыт сыйлап, әке рухына тағзым етті. Қала әкімдігі қазақтың біртуар қызына сый-құрметін көрсетті.
Өз кезегінде байқауға қатысқан 14 үміткер 3 кезең бойынша сынға түсіп, "Бас жүлдені" монтайтастық ұстаз Н.Байжұманова иемденді. Жеңімпаздар қала әкімінің алғыс хаттарымен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.