​Жансейіт Түймебаев: Түркістанның ХХІ ғасырдағы жаңа тынысы ашылғалы тұр

0
1 561

Мерекелік жиында сөз сөйлеген аймақ басшысы ежелден қазақ хандығының орталығы, күллі түркі жұртының рухани ордасы, мәдени астанасы атанған құт мекеннің облыс орталығына айналуының мән-мағынасына тоқталды.


​Жансейіт Түймебаев: Түркістанның ХХІ ғасырдағы жаңа тынысы ашылғалы тұр

ERNUR.KZ. Түркістан облысын құру және облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы Елбасының Жарлығын түркістандықтар қуанышпен қабылдап, ел болып мерекелеп атап өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салтанатты жиынға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов, облыстық мәслихаттың депутаттары, облыс ел ағалары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Мерекелік жиында сөз сөйлеген аймақ басшысы ежелден қазақ хандығының орталығы, күллі түркі жұртының рухани ордасы, мәдени астанасы атанған құт мекеннің облыс орталығына айналуының мән-мағынасына тоқталды.

«Сіздерді көне шаһар Түркістанның облыс орталығы мәртебесін иемденген тарихи сәтімен шын жүректен құттықтаймын! Елбасымыз атап көрсеткендей өңірдің өркендеуіне тың серпін беруін көздеген шешімнің тарихи мән-мағынасы өте тереңде. Бұл қадам көне шаһардың қойнауында жатқан тарихи жәдігерлердің қайта жарқырап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің көтерілуіне, жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасының артуына оң ықпал жасайтыны сөзсіз. 1500 жылдан астам тарихы бар жәдігер қаланың ХХІ ғасырдағы жаңа тынысы ашылғалы тұр», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Сонымен қатар, 1998 жылдан бастап Түркістанның 1500 жылдық мерейтойына арналған дайындық шараларына ұласты. Атап айтқанда, 2000 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен Түркістан каласының 1500 жылдық мерейтойы әлемдік деңгейде аталып өтуі де тарихи қаланың дамуындағы айтулы кезең болды.

2002 жылы Дүниежүзі Қазақтарының ІІ-ші Құрылтайы да осында өтті. Бұл құрылтайда оралмандардың елге оралу мәселесі қаралып, көші-қон квотасының мөлшерін ұлғайту жоспары қарастырылды.

Түркістан еліміздің Қызылорда, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстары үшін сауда саттық орталығы болса, сондай-ақ, қала «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінде орналасқан және бір жағынан Қытайға, екінші жағынан Ресейге қатынайтын темір жол торабы да бар.

Тамыры тереңге тартқан құт мекен – Түркістан 2017 жылы ТҮРКСОЙ ұйымының шешімімен түркі әлемінің мәдени астанасы атанып, осы жыл көлемінде қалада бауырлас халықтардың бірлігі мен мәдениетін паш ететін түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылды.

Салтанатты шараның соңы Қазақстан эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасына ұласты.