Мөлтек аудандарындағы көпқабатты тұрғын үй аулаларындағы күл-қоқыс тастайтын 16 орын қайта реттелген.
Жетісай ауданының орталығы Жетісай қаласында санитарлық тазалық жұмыстары тиісінше баста назарда ұсталуда, деп хабарлайды осы өңірдегі ERNUR.KZ тілшісі.
Қаладағы санитарлық тазалықты тиімді жүргізу мақсатында Жетісай қаласы үш санитарлық аймаққа бөлініп, «Жетісай» МКК, «Мақтарал ауданының коммуналдық шаруашылығы» ЖШС, «Жетісай Тұрмыс» ЖШС және «Нұр-Рай-2015» ЖШС мекемелері тұрғындармен және коммерциялық нүктелермен түзілген келісім-шарт негізінде қатты тұрмыстық қалдықтарды белгіленген кестеге сәйкес тазалау жұмыстарын жүргізіп келеді. Қала тұрғындарының 80,63 пайызы жоғарыда аталған мекемелермен келісім-шартқа отырып, кесте көше бойларына орналастырылған.
Қаладағы санитарлық тазалық жұмыстары қатаң бақылауға алынып, мөлтек аудандарындағы көпқабатты тұрғын үй аулаларындағы күл-қоқыс тастайтын 16 орын қайта реттелген. Сонымен қатар, 215 қоқыс контейнері де қойылған.
Дегенмен кейбір қала тұрғындары тәртіпке бағынғысы келмейтін көрінеді. Тазалық мекемелерінің еңбек ақысына айына төленетін 200-500 теңге аралығындағы қаражатты ауырсынып, қоқыстарын көше қиылыстарына тастауды әлі де доғарар емес. Қала әкімшілігі мен учаскелік полиция инспекторлары жүйелі түрде ескертулер жасауда. Десек те жүргізген түсіндіру жұмыстарына немқұрайлы қарайтындардың қатары әлі бар.