Жетісайдың озат мақташылары марапатталды

0
1 804

Биыл ауданда мақта өндіруден Ералиев ауыл округі үздік атанды.


Жетісайдың озат мақташылары марапатталды

Түркістан облысының шалғайындағы шаруалар ақ алтын өндірісінен биыл алдыңғы орынға шықты. Күзгі науқан жұмыстарын облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы бағамдап қайтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Өңір басшысы Жетісай ауданында орналасқан «AIIG Kazakhstan» ЖШС-нің мақта зауытында болды. Аталған зауытта 660 адам жұмыс істейді. Бұл кәсіпорынның қуаты жылына 40 мың тонна мақта өңдеуге жетеді. 2013 жылы құрылған зауытта мақта талшығы, техникалық тұқым, тағы да басқа шикізат дайындалады. Жалпы аумағы 5,6 гектарды алып жатқан нысанда өндірілген өнімдер еліміздің барлық аймағына шығарылады. Шаруалармен қырман басында қауышқан облыс әкімі шикізатты өңдеу мәселесін қозғады.

Кездесу барысында Жансейіт Қансейітұлы «Озат терімші, «Ең үздік комбайншы», «Ең үздік мақта зауыты» номинацияларының иегерлерін марапаттап, сый-сияпат табыстады. Биыл ауданда мақта өндіруден Ералиев ауыл округі үздік атанды. Осымен алтыншы жыл қатарынан бас бәйгені бермеген округте 3 мың гектарға шит себілген. Өнім орта есеппен гектарынан 32 центнерден келіп отыр. Округ әкімі бұл жетістік аудандағы шаруалардың маңдай терімен келгенін сөзге тиек етті.

Жалпы Жетісай ауданында мақта теру науқанының аяқталуына санаулы күндер қалды. Қазіргі таңда аудан бойынша 48226,8 гектар мақта алқабынан 126 мың 192 тонна шитті мақта жиналды. Ақ алтынның түсімділігі әр гектарынан 26,2 центнерді құрады.

Дереккөз: shymkenttv.kz