"Ашық есік" күні тексерілуге келген келіншек көп жылдардан бері бала көтере алмай жүрген екен.
Дәрігер тексеруіне анасын алып келген 32 жастағы Ленгір қаласының тұрғынына ақ халаттылар аяғының ауыр екенін анықтап берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ. тілшісі.
Түркістан облысының емханаларында өтіп жатқан “Ашық есік” күні 32 жастағы әйелдің өмірін күрт өзгертті. Бүйрегін тексертуге анасын алып келген әйелге ақ халаттылар тексеруден өзінің де өтуін ұсынған. Аяғының ауыр екенін естіген кезде өз құлағына сенбеген келіншек емханадан қаша жөнелді, дейді дәрігерлер. Алайда араға аз уақыт салып келген әйелдің жақындары оның жылдар бойы аңсаған арманының орындалғанын жеткізген.
Төле би ауданының Ленгір қаласындағы жүзден астам көпбалалы әйелдер аудандық емханада толық медициналық тексеруден өтті. Медициналық және әлеуметтік-психологиялық көмекті тәжірибелі гинекологтар, психологтар, невропатологтар, педиатрлар, хирург және травматолог-ортопедтер көрсетеді. Түркістан облысының барлық аудандық емханаларында дәрігерлер көп балалы аналарды кезексіз қабылдап, дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етеді.
Леңгір қаласының емханасында бірнеше сағат ішінде 100-ге жуық көп балалы аналарға медициналық көмек көрсетілді. Олардың 10-нан астамы порталға кезекке қойылды, кейбіреулері күндізгі стационарға емделуге жіберілді.
"Ақпан айының 20 - нан бастап Түркістан облысының барлық аудандық емханаларында көпбалалы аналар үшін "Ашық есік" күндері өтуде. Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігі, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығының ұйымдастыруымен қолға алынды. Дәрігерлер көпбалалы аналарды ақысыз медициналық тексеруден өтіп, медициналық сараптамалардан өтуге шақырады"-деп хабарлайды Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.