«Жұмабектің бажасымын!»: Көлігін қарсы бағытта жүргізген шымкенттік азамат полицейлерді елемей кетті (видео)

0
2 887

Бұл жағдай ғаламторда қызу талқыға түсті.


«Жұмабектің бажасымын!»: Көлігін қарсы бағытта жүргізген шымкенттік азамат полицейлерді елемей кетті (видео)

Тәртіп сақшылары жол ережесін өрескел бұзғаны үшін "бейнеролик" кейіпкерін жауапкершілікке тартты , - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Әлеуметтік желіні желдей ескен «Жұмабектің бажасымын» аттты видео көпшіліктің қызу талқылауына түсті. Нақтырақ айтсақ, шымкенттік азамат Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында көлігін жолдың қарсы бағытында жүргізген. Сол сәтте жүргізушінің қасындағы азамат түсірген видеодан көргеніміздей, тәртіп бұзушылар көлікті тоқтатқан полиция қызметкерлеріне «Жұмабектің бажасымын. Соған звонда» деп, ары қарай жүріп кеткен. Аталған бейнежазба аз уақыттың ішінде әлеуметтік желілерге тарап, түрлі пікір тудыруда. Көпшілігі «Жұмабектің бажасымын деп қорықпай жүре беріңдер» дегенге саятын әзіл-шыны аралас пікір айтуда.

Аталған жағдайға қатысты Түркістан облысы ПД-нің баспасөз қызметі ресми мәлімдеме жасады.

«Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Түркістан облысы полиция департаментінің полицейлері "Фейсбук" қолданушыларының бірінің парақшасында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған бейнежазбаны тапты. Бейнежазбада белгісіз автокөліктің жүргізушісі жолда апатты жағдай туғызып, қарсы қозғалыс жолағымен жүрген. Белгілі болғандай, оқиға Түркістан облысы Отырар ауданы жолдарының бірінде орын алған.

Жол ережесін бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тарту мақсатында тәртіп сақшылары іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде, Отырар АПБ-нің полиция қызметкерлері жүргізушінің жеке басын анықтады. Ол "Лада Приора" автокөлігімен қарсы жолаққа шыққан Шымкент қаласының тұрғыны екені анықталды.

Автокөлік иесіне қатысты полиция қызметкерлері екі бірдей баппен, яғни ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабының 3-бөлігі "көлік құралын жолдың жүру бөлігінде орналастыру, қарсы жүріп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу" және ҚР ӘҚБтК-нің 613-бабының 1-бөлігі (Ішкі істер (полиция) органдары қызметкерінің талаптарын орындамау, алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйін куәландырудан өтуден жалтару) бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырды. Тәртіп бұзушының автокөлігі айыппұл тұрағына қойылды. Жиналған материалдар заңды шешім қабылдау үшін Отырар аудандық сотына жолданды», - делінген ресми мәлімдемеде.