Қызанақтың жанына егілген өсімдіктер де оның дәмді болуына әсер етеді.
Бақшасында қияр мен қызанақ өсіретін жандардың қатары өте көп. Бірақ оның дәмі әрдайым көңілден шыға бермейді. Тәтті қызанақ өсірудің құпиясы аса көп емес және ол көп күш салуды керек етпейді. Көп жандар қызанақтың тәтті болуын сұрыпына байланысты деп қателеседі. Бір сұрыптан екі түрлі жерге және екі түрлі бағбанға түскен дәндер әртүрлі дәм беруі әбден мүмкін. Кез-келген сұрыпты қызанақ тәтті болуы үшін төмендегі аз ғана құпияны білу жеткілікті.
Қызанақтың дәмі жақсы болу үшін келесі жағдайды жасау керек:
Жылудың болуы және мол жарық
Егер бір сұрыпты дәндердің бірін жарық екіншісін көлеңке жерге егетін болсаңыз, онда өнімдердің дәмінің қатты айырмашылығын сезуге болады. Қызанақ күн сәулесін молынан алатын болса, онда оның дәмі де тәтті бола түседі. Сондықтан қызанақ көшетін бақшаның жарық мол түсетін, оңтүстік бөлігіне еккен жөн. Сонымен бірге ол жер желдің өтінен қорғалған болуы керек. Қызанақ қысылып өскенді ұнатпайды. Сондықтан көшеттердің арасын алшақтау еккен жөн.
Дұрыс суғару
Қызанақтың тәтті дәміне оның суғарылуы да тікелей байланысты. Егер оған суды мөлшерден көп беретін болса, оның дәмі су татып кетеді және іші қуыс болып, жарылуы мүмкін. Қысқаша айтқанда сирек бірақ молынан суғару ережесін ұстанған жөн.
Судың қажет екенін қызанақтың өзі білдіреді. Егер жапырақтар кішкене солып, төмен салбырай бастаса, онда суғаратын уақыттың келгені. Ал егер жапырақтары қатты және жан-жаққа жайылып тұрса, онда оған судың әзірге қажеті жоқ.
Дұрыс суғару ережесін өнім өң ала бастаған кезде ұстаған маңызды. Жасыл қызанақ шамалы қызарып бастаған кезде суғаруды қысқарту қажет. Қызанақты 2 аптады 1 рет бірақ түбіндегі суы ұзақ тұратындай етіп суғарған дұрыс.
Ескеру: Қызанақты тек жылы 23-25 градустағы сумен суғару керек.
Көрші өсімдіктер
Қызанақтың жанына егілген өсімдіктер де оның дәмді болуына әсер етеді. Әсіресе – райхан, насыбайгүл (базилик). Бұл екі өсімдік бір-біріне керемет көмектеседі. Райхан қызанақты зиянкестерден қорғайды және оны фитогормондармен қоректендіреді. Ал фитогормон өсімдік пен жемісінің сапасын жақсарта түседі.
Қоректендіру
Қызанақтың тәтті дәміне топырақта калийдің болуы ерекше қатты әсер етеді. Калийдің негізгі көзі – күл. Сондай-ақ күлдің құрамында аз мөлшерде фосфор мен азот бар.
Қызанақ тәтті болу үшін мына тәсілді қолдануға болады: қызанақтар күреңдене бастаған кезде оларды ағаш күлімен қоректендіру керек. Ол үшін 1 стақан ағаш күлін 10 литр суға араластырып, әр қызанақтың түбіне жарты литрден құйып шығу қажет.
Тағы бірнеше қажетті кеңестер:
- Қызанақ гүлдеген кезде оны міндетті түрде марганец ерітіндісімен суғару керек. Ол үшін 10 литр суға 2-3г марганец ерітіндісін араластырып, әр түпке жарты литрден құйылады. Су міндетті түрде тұндырылған, яғни 1-2 күн тұрған болуы тиіс. +20-22 градустағы жылытылған су болса тіпті жақсы.
- Егер 10 литр суға 2-3 тамшы йод тамызып, осы қоспамен қызанақты аптасына бір рет суғаратын болсаңыз, онда олар ірі, етті және тез қызарып пісетін болады.
Қызанақты тәтті дәмді етіп өсірудің бар құпиясы осы. Қарапайым, еш қиындығы жоқ. Ендеше, сәттілік!
Дайындаған: Эльмира Базарбаева,
Тағы оқыңыз: Пластик бөтелкеде өскен қияр екі есе мол өнім береді