Күзде қондырылған ағаштар көктемде егілген көшеттерге қарағанда тез бой түзейді.
ERNUR.KZ. Бау-бақша өсірушілер үшін, күздің алғашқы айлары ең бір жауапты, нағыз белсенді жұмыс уақыты. Бұл уақытта көптеген кейінге қалдыруға болмайтын шаруалар жетіп артылады. Біз бірнеше қажетті деген жұмыстар тізімін ұсынамыз.
Солардың алғашқысы өнімді уақтылы жинау.
Пісіп жетілген жеміс ағаштары мен бұталарда ешқандай жемістің қалмауын қадағалаған жөн. Қалып қалған өнімдер түрлі жеміс аурулары мен бақша зиянкестерінің өсіп өнуіне жағдай жасайды.
Егер барлық қажетті өнім жиналып, ағаштар мен бұталарда қалғаны пайдалануға жарамсыз болса, онда оларды жиып-теріп шұңқырға көміп немесе өртеп жібергеніңіз абзал. Пайдаға аспайтын қалдықтарды ағаш пен бұтаның түбінде қалдырып немесе қоршаудың сыртына тастаған дұрыс емес. Бұл ағаш бұталарында қалған шіріген өніммен бірдей зиян келтіреді.
Өнімді жинауды кешіктіруге болмайды. Алма мен алмұрттың күзгі сұрыптары қыркүйек айының бірінші жартысында жиналып алынады. Кеш пісетін сұрыптарын қыркүйектің аяғы немесе қазан айының бас жағында жинайды. Уақтылы жиналмаған өнімдер өз дәмділігін, сапасын жоғалтқанымен қоймай ағаш пен бұталардың да салқын уақытқа дайындығын бұзады.
Күзгі тыңайту
Бау-бақшадағы күзгі жұмыстар қатарына міндетті түрде жерді нәрлендіру, түрлі тыңайтқыштармен қоректендіру кіреді.
Өсімдіктер әр мезгілге орай түрлі құрамдағы қоректендіргіш заттарды қажет етеді. Күзге қарай оларда фосфор мен калийге қажеттілік артады. Бұл макроэлементтер ағаштар мен бұталардың қыстан жақсы шығуына көмектеседі. Кейбір ауруларға қарсы тұруға септігі тиеді, тамырларының тереңдеп өсуіне де оң ықпал етеді. Сондай-ақ өнімнің сапалы, түсінің қанық болуына да әсер етеді.
Ал азотты тыңайтқыштарды беруді тоқтатқан жөн. Азотты мезгілсіз беру қажетісіз артық өскіндердің пайда болуын көбейтіп, күш алуын тежейді. Нәтижесінде ағаштар мен бұталар суық күндерге дайындықсыз қалып, болмашы салқынға төтеп бере алмай қалады.
Тыңайтқышты құрғақ және сұйық күйде де беруге болады. Тыңайтқыш қоспасын нұсқаулыққа сай дайындап, түбінен қоректендірген жөн. Себебі шашып, бүркіп жасалатын қоректендірулерді қатайып, қалыңдап алған жапырақтар мен бұталар сіңірмейді.
Құрғақ тыңайтқышты ағаш пен бұталардың түбіне айналдыра біркелкі етіп тастап бетін жұқалаң етіп топырақпен жауып тастау керек және міндетті түрде тыңайтқыш сепкеннен кейін суғару қажет.
Көшет қондыру
Кейбір ағаштар мен бұталардыкөктем мезгіліне қарағанда, күзде қондыру тиімді.Көшеттерді егуді қыркүйек айының ортасынан бастап қара күзге дейін жалғастыруға болады. Бастысы келесі маусымда жайқалған бау-бақша жасау үшін қандай ағаштарды күзде отырғызуға болатынын білу.
Суыққа төзімсіз және басқа климаттық аймақтардан әкелінген жеміс ағаштары мен көшет сұрыптарынан сақ болған жөн. Күзгі қондыруды жақсы көтеретін жемісті ағаштар:
- Алма
- Қара өрік
- Алмұрт
- Жаңғақ
- Тұт (шелковица)
- Алша
- Шие
Жемісті бұталар:
- Қара және қызыл қарақат
- Таңқурай
- Мүкжидек (клюква)
Сәндік өсімдіктер
- Жұпаргүл (сирень)
- Ақгүл (жасмин)
- Арша (можжевельник) және осыған ұқсас қылқан жапырақтылар.
Күзде көшеттерді қондыру уақыты:
Көшет қондыру үшін алдымен жергілкті жердің ауа-райын жобалаған дұрыс.
- Орталықта – қыркүйектің ортасынан қазан айының соңына дейін.
- Солтүстік аймақтар қыркүйектің ортасынан қазан айының ортасы.
- Оңтүстікте – қазан айынан желтоқсанға дейін қондыра беруге болады.
Көшетті қондырғанда басты ұстанатын, естен шығаруға болмайтын жағдайлар
- Көшет қондыратын шұқырларды қазып, алдын-ала дайындап қойған дұрыс.
- Көшет егілетін кезде жаңа көң мен минералды тыңайтқыш берудің қажеті жоқ.
- Бүгінгі көшет ертеңгі жеміс ағаштары екенін естен шығармаңыз. Сондықтан қондырған кездегі ара қашықтық міндетті түрде сақталуы тиіс.
- Сондай-ақ кеміргіштерден сақ болған жөн және басқалай зиянкестерден қорғау үшін ағаштың діңін ақтап, әктеп қою керек.
Егер көштттерді қондыру уақытын өткізіп алған болсаңыз...
Кейде қым-қуыт тіршілікпен жүріп көшеттерді қондыру уақытын өткізіп алып жатамыз. Мұндай жағдайда, көшеттерді қыстан аман алып шығу жағдайын жасаймыз.
- Қар астында, қарға көміп сақтау.
- Топыраққа көміп қою әдісі.
- Жертөледе сақтау.
Қателіктерден сақ болған жөн
Қателік жіберуден бағбаншылықтан аса хабары жоқтар тұрмақ, тәжірибелі деген бағбаншылардың өздері сақтандырылған емес.
Сондықтан қондыруға ыңғайлы жаздық көшеттерді дұрыс таңдаған абзал.
- Көшеттің бойының ұзындығы шамамен 1,5 – 2 метр болғаны дұрыс. Одан ұзын, үлкендерінің өніп кетуі қиын.
- Қондыруға асықпаңыз. Маусымдық қолайлы кезеңді күткен жөн. Бірақ қыркүйек айының 15-терінен бұрын емес.
- Көшеттерді жаңадан қазылған емес, ертерек алдын-ала дайындалған шұңқырға отырғызу қажет.
- Көшеттің тамыр мойны егу кезінде топырақ деңгейінде болу керек.
Ұқыпты жасалған бау-бақша көптеген жылдар бойы өз өнімімен бір ғана Сізді емес, өсіп келе жатқан келешек ұрпақтарыңызды да біраз уақыт қуантатын болдады.
Бастысы негізгі ережелерді ұстануды естен шығармау керек.
Дайындаған: Эльмира Базарбаева,