Үй тазалағанда шаршап қалмас үшін не істеу қажет?

0
7 320

Үй ішін жинастырып, ретке келтіру – би қимылы секілді күш жұмсасаңыз да шаршатпайтын, істеген тірліктен ләззат алатындай болғаны дұрыс.


Үй тазалағанда шаршап қалмас үшін не істеу қажет?

Наурыз - күн мен түннің теңеліп, қыс бойы қар құрсауында болған тіршілік атаулының оянып, жер мен көктің жаңаратын мезгілі. Сондай-ақ наурыз - парсы, кавказ және түрік халықтарының арасында көктем мейрамы және жаңа жылдың басталуы ретінде тойланады. Ал жыл жақсы өту үшін, оны дұрыс қарсы алу керек деп жатамыз. Күннің жылынуымен басталатын жаңа жылды дұрыстап қарсы алу, жылды жақсы өткізу үшін алдымен үй-жайды, ауланы ретке келтіріп, тазарудан бастайтынымыз анық.

Әрине, тазалық жасауда әркімнің өзінің жеке ұстанымдары болады. Дегенмен керек тастың ауырлығы болмас дегендей, төмендегі үй ішін тазалау турасындағы кеңестер қажеттеріңізге жарасын.

  • Жоспар. Үй жинау – күнделікті атқарылатын жұмыс болғанымен өте үлкен шаруа. Қазіргі таңда көптеген қыз-келіншектер үй шаруасымен бірге, карьерасын қатар алып жүрген жандар. Сондықтан ойланып, дұрыс құрылған арнайы жоспар үй шаруасын жасауды барынша тиімді, уақытты үнемді етеді.
  • Жұмысты жоғары жақты реттеуден бастап төменге қарай ауысыңыз. Барлық тазаланатын, сүртілетін, дұрыстап қоятын немесе орын ауыстыратын заттарға мән беріңіз. Үй жинағанда ешнәрсеге алаңдап, көңіл бөлмеңіз – бұл сіздің уақытыңызды үнемдейді, яғни теледидар қосып, кино немесе телефон арқылы әлеуметтік желіге қарап жүру сіздің үй шаруасын жасаудағы біршама уақытыңызды ұрлайды.
  • Жұмысты алдымен үйдегі көрпе-жастықтарды күн көзіне жайып алудан бастаған жөн болар. Тек бұл жерде ескеретін жайт, қауырсынды мамық жастықтарды көлеңкеде желдеткен жөн, тік түсетін күннің көзінен қауырсын сынғыш болып, матаны тесіп шыға беретін болады.
  • Үйге жарық түсіретін терезелерді жақсылап сүртіп тазартып, үй ішін желдетіп алыңыз.
  • Көптеген үйлердің негізгі мәселесі - үй ішінің зәктенуі. Ол үшін арнайы зеңге қарсы сұйықтық түрлері бар. Бөлмелерді желдетіп, ақтаған да өз нәтижесін береді. Сонымен қатар, хлормен жуып, қатты щеткамен ысқылап зеңнен тазартып алған соң, артынан тағы бір рет мұқият жуып шықсаңыз да болады. Зәктеген жер кішірек болса, ағартқыш (белизна) мен суды 1:1 мөлшерде араластырып, бүркішпен шашып, артынан бөлмені желдетіп аласыз.
  • Сүтке батырылған шүберекпен жаңа тиген сия дақтарын кетіруге, айнаны, сурет рамасын, музыка аспаптарының пернелерін тазартуға болады.
  • Қыста киген киімдерді буып-түйіп сөрелерге қоятын кезде арасына апельсиннің кептірілген қабығын немесе темекіні үгіп салыңыз. Бұл киімдерді күйе көбелектен (моль) сақтайды.
  • Зәйтүн майы мен лимон шырынының 2:1 есебіндегі қосындысы ағаштан жасалған жиһаздарды жақсы жылтыратады.
  • Кока-кола еденді адам танымастай етіп тазартады. Ол үшін еден жууға дайындаған суыңызға бір құтыға таяу кока-кола сусынын араластырсаңыз жеткілікті.


Ал жалпы үй жинау кезінде барлық қыз – келіншектер пайдаланатын қалыпты, стандартты жоспар:

  • шашылып жатқан заттарды орын-орнына жинастыру;
  • шаңсорғышпен немесе сыпырып тазарту;
  • шаңды сүртіп тазалау;
  • соңынан еденді сүртіп алу.

Жұпар аңқыған мұнтаздай таза үй адам жанын жадыратып, рахат сезімге бөлейді. Мұндай үйдің дастарханы береке мен жақсылыққа жайылады. Үй лас болса адамның көңіл-күйі түсіп, денсаулығы да нашарлайды. Мұндай жерде ауру да тез тарайды. Заттары əр жерде шашылып жатқан, ыдыс-аяғы жуылмаған үйдің берекесі де болмайды.

Үйлеріңіз әрдайым жандарыңызға шуақ сыйлайтындай жиюлы болсын!

Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.