Адамдардың ШЫНАЙЫ БЕЙНЕсін тани аласыз ба?

0
945

Әлде бетпердесіне алданып жүрсіз бе?


Адамдардың ШЫНАЙЫ БЕЙНЕсін тани аласыз ба?

Сурет: rsute.ru

Өмір – үлкен сахна, онда әр адам өз рөлін ойнайды. Біреу әлсіз тұстарын жасырады, құпиясын қымтап әлек. Енді бірі өзгелердің сөзіне сай болып көрінгісі келеді... Әйтеуір бір уақыттарда бетперде киетініміз бар.

Қызық, астрологияда адамдардың бетпердесі жұлдыз белгісіне байланысты екені айтылады.


ТОҚТЫ

Батыл әрі жаужүрек, жауынгер. Кез келген сәтте күреске түсіп, қарсы келгенмен айқасып кете салады. Бірақ жеңіліп бара жатса қулыққа салып, зәбір көрген құрбандық рөліне ене қояды. Ол үшін бетпердесі әрқашан әзір.


ТОРПАҚ

Бойында көшбасшылық қасиет жоқ. Сонда да қай ортада болмасын бастық рөлін ойнағанды жақсы көреді. Бұйырып сөйлеп, басшылық жасап, адамдарды басқаруға тырысып жатса, лидерлік емес, актерлік қабілетін бағалай беріңіз.


ЕГІЗДЕР

Белгі иелерінде бір емес, бірнеше бетперде болады. Оларды қай уақытта ауыстырып киіп үлгергенін аңғармай да қаласың. Ойнақы, ұшқыр ойлы Егіздер небір образдармен таң қалдырады. Әр «қойылымынан» кейін «Бұған дейін қалай танымай келгенмін?» деп таңдай қағасың.


ШАЯН

Көбіне жапа шеккен жәбірленушінің, өзге үшін өзін құрбандыққа шалған жанның маскасын киеді. Бірақ мұнысы жаман пиғылдан емес, ізгі ниеттен туындайды. Осындай рөлді ойнау арқылы адамдарды мейірімділікке, жанашырлыққа шақыруға тырысады.


АРЫСТАН

Өзін әрдайым паң, асқақ, дәулетті, табысты етіп көрсеткісі келеді. Бірақ, өмірде Арыстандардың бәрі бірдей «патша» емес. Бай-бағлан болуға әл-ауқаты жетпей, онысын білдірмей, «сыртқа жүнін қампайтып» жүргендері көбірек.


БИКЕШ

Өзін ізгі ниетті, ақ жүректі адам етіп көрсеткісі келеді. Заңды бұзбайтын, арам ойы жоқ, қиналғанға қол ұшын созуға дайын жан деп танисыз. Бірақ, мұндай әрекеттерінің астарында қулық пен есеп, өзіне келер пайда, әр қадамы алдын-ала жоспарланған стратегия жатады.


ТАРАЗЫ

Айналаға достық пейіл танытып, тамаша адам боп көрінеді. Ең шынайы жанашырым, ең адал досым, мені керемет түсінеді деп қалуыңыз мүмкін. Бірақ осындай жылы жүзінің ар жағында шебер манипулятор отыр. Олар адамды жылы сөз, жақсы істермен алдап-арбаудың, өз дегенімен жүргізудің амалдарын жақсы біледі.


САРЫШАЯН

Адамдарға жұмбақ, құпия-сырға толы, көпқырлы тұлға боп көрінуді қалайды. Сыртыңнан тесіліп қарап, түсініксіз ым-ишаралар жіберу арқылы кейде қорқытады, кейде қызықтырады. Осы арқылы шынайы болмысын, эмоциясын, сезімдерін жасыруды көздейді.


МЕРГЕН

Шынайы болмысын жасырмайтын, бетперде кигенді суқаны сүймейтін жандар. Ойды ашық айтып, сұрақты тіке қоюды жақсы көреді. Шынайылық қана адамдар арасында риясыз қарым-қатынастарды орнатады деп санайды. Барлық артық-кемін жасырмай көрсетеді, өзгелерді де бар болмысымен қабылдауға дайын.


ТАУЕШКІ

Үнемі ұстамдылық бетпердесін киіп жүреді. Сондықтан өзгелер Тауешкіні жатбауыр, салқынқанды жан деп таниды. Бірақ бұл жай ғана қорғаныс механизмі. Эмоциясын көрсетіп, сырын алдырып қоюдан қатты қорқады.


СУҚҰЙҒЫШ

Адамдардың сеніміне кіріп, жан сырларын ақтару үшін түсінігі мол, жанашыр, әдепті, қамқор адамның бейнесіне енеді. Осы арқылы өзін сенімдірек сезінеді. Әрі басқаларға керекпін деген ой көңілін тойғызады.


БАЛЫҚТАР

Бұл белгі аясында туғандарды да, олардың бетпердесін де екі түрге бөлуге болады. Біріншілер - өзін бақылауда ұстайтын, батыл және сабырлы болып көрінуге тырысады. Ішінде алай-дүлей болып, жүрегі кеудесінен ытқып шығуға дайын болса да, сыртқа сыр алдырмайды. Батыр боп көріну үшін емес. Басқаларды алаңдатып, уайымға салмау үшін. Екінші топ «құрбан» рөлін таңдағанды жөн көреді. Өзін жүрегі жаралы, мұңды жан ретінде көрсетіп, басына түскен қиындықтарын тоқтаусыз баяндайды. Сол арқылы жұрттың аяушылығын және қамқорлығын тудырады. Әрбір мимикасы, интонациясы, тіпті елеусіз шыққан күрсінулері де «Маған көмектесші» деп шақырып тұрғандай.

Аударған: А. Бектұрғанова,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ЖҰЛДЫЗНАМА: сүйіктіңіз қалай қызғанады?