ЖҰЛДЫЗНАМА: сүйіктіңіз қалай қызғанады?

0
785

Қызғаншақтық деңгейін білу арақатынасқа кесірі тие ме әлде анда-санда махаббат отын маздатып тұра ма – осыны анықтауға көмектеседі.


ЖҰЛДЫЗНАМА: сүйіктіңіз қалай қызғанады?

Сурет: btblady.com

Сүйген жандардың арасындағы қызғаныш – орынды әрі аз мөлшерде болса, арақатынастың дәм-тұзын келтіреді. Ал шамалы шектен асса бітті, берекесін кетіреді. Орынды мен орынсыздың арасындағы өте нәзік шекараны бұзып алмау, көрінер-көрінбес сызығынан аттап кетпеу маңызды. Әйтпесе, өзіңнің де, қарым-қатынастың да қадірі қалмайды.

Екінші жартыңыз сізді қаншалықты қызғанады? Қатты ма әлде оған бәрібір ме? Қызғаншақтық деңгейін о бастан білген жақсы. Кейін арақатынасқа кесірі тие ме әлде анда-санда махаббат отын маздатып тұра ма – осыны анықтауға көмектеседі.


12-орын – СУҚҰЙҒЫШ

Мүлде қызғанбайды. Өйткені, олар өзін бәрінен артық жақсы көреді. Қызғаныш отының ішін өртеуіне, біреу үшін қиналуға өзіне жол бермейді. Сүйіктісіне деген мұндай немкетті қатынасын оңтайлы пайдаланып, «саған сенемін» деген сөзге сендіреді.


11-орын – ШАЯН

Қызғанбайды. Өйткені соның кесірінен сүйген адамын ренжітіп қоюдан, айрылып қалудан қатты қорқады. Сондықтан, қандай себеп берсеңіз де, оны ең алдымен қызғаныш оты емес, қорқыныш лебі шарпиды.


10-орын – ТАРАЗЫ

Сүйіктісін қызғану ойына кіріп те шықпайды. Өйткені, өзі сияқты сұлу да сымбатты ханзаданы (ханшайымды) басқамен айырбастау мүмкін емес деп ойлайды. Осы ойға сенгені сонша, әсерінен екінші жартысына да толықтай сенім орнатып қояды.


9-орын – ЕГІЗДЕР

Неге екені белгісіз, әйтеуір екінші жартысының адалдығына шәк келтірмейді. Қарым-қатынаста еркіндік пен сенімді басты орынға қояды.


8-орын – МЕРГЕН
Жалпы, Мергендердің қызғаншақтығы бар. Бірақ оны білдірмеуге барын салады. Эмоциясын жасырып, өзін түк болмағандай ұстау, күдік-күмәнін сездірмеу қолынан келеді.


7-орын – БИКЕШ

Қызғанатыны бар. Бірақ, ақылмен. Қызғанышқа бой алдырып, артық қылық көрсетіп, артынан бармақ тістеуден сақтанады. Бір жағынан, қызғаныштан туған орынсыз әрекеттер беделін қаншалықты түсіретінін жақсы біледі.


6-орын – БАЛЫҚТАР

Мінез-құлқы, ой-пікірі құбылмалы жандар. Сондықтан қай кезде қандай қылық көрсететінін болжай алмайсың. Кейде тым салқынқанды болса, бірде болмашыдан қызғанып, қызуқанды әректтерге барып, таң қалдыратыны бар.


5-орын – ТАУЕШКІ

Қызғаныш оты кеудесінде жиі тұтанып тұрады. Бірақ, білдіре бермейді. Іштей күдіктеніп, қиялымен әрдеңені құрастырып, бір ысып-бір суып, ашуға беріліп, артынша ақтап, әйтеуір өзімен-өзі алысып жүріп жеңеді.


4-орын – АРЫСТАН

Қызғанышқа бой алдырғыш. Бұл үшін оларға себеп керек емес. Өз қиялында күдікті ой туындаса, сол жетеді. Бірақ бұл сүйіктісін өзгеден қызғану емес, «Мені қалайша сондай жанға айырбастай алады? Бұлай етуге қалай дәті барды?» деген ренішке көбірек ұқсайды.


3-орын – ТОҚТЫ

Абай болыңыз, бойында қызғаныш оты лаулаған сәтте Тоқтыға жақын тұру – қауіпті. Күйіп қалуыңыз мүмкін. Кездейсоқ біреуге көз қиығымен қарап қалудан сақ болыңыз. Ондайыңызды байқаса, байыбына бармастан, сол сәтте қызғаныштан жарылып кете салады.


2-орын – ТОРПАҚ

Бойында қызғаныш оты үнемі лаулап жанып тұрады. Көңіліндегі күмәнді, қызғанышын білдірсе, «Не үшін?» деп ойлап бас қатырмай-ақ қойыңыз. Болардан да, болмастан да, көлденең көк аттыдан да қызғана береді.


1-орын – САРЫШАЯН

Әлемде қызғаншақтық бойынша сайыс өтсе, бас жүлде міндетті түрде Сарышаяндарға бұйырады. Қызғанышында шек жоқ. Оны жеткізудің сан түрлі амалын біледі. Титімдей күдік-күмән олар үшін жарылғыш зат секілді. Кеудесіне түсіп, тарс етіп жарыла салу – лезде. Өз ішімен қоса, айналасын, сүйіктісінің әлемін де бомбалап, астаң-кестеңін шығарады.


Қызғаныш – қызыл өрт. Бір тұтанса, айналасып шарпып, күйдіріп-жандырады. Жүректерде күйіктің ізі тыртық боп қалады. Ол бар жерде сыйластыққа орын аз. Қызғаныш қаншалықты үлкен болса, бақыттың шекарасы соншалықты тар. Ендеше «Қайтем енді, осындаймын» деп қол қусырмай, қызғанышпен күресіңіз.

Аударған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

КОМПЛИМЕНТ қабылдай аласыз ба?