Енеңіздің тілін тапқыңыз келсе...

0
2 478

Енеңіздің туған күні қашан? Сыйлық үшін емес, сыйластық үшін оның қандай жұлдыз белгісінде дүниеге келгенін біліп алыңыз. Өйткені, сол арқылы мінез-құлқынан аздап та болса хабар алуға мүмкіндік бар. Әрине, әр адам қайталанбас тұлға. Дегенмен, екінші анаңыздың көңілінен шығып, тілін табам деген ниетте болсаңыз, мұның да көмегі тиері сөзсіз.


Енеңіздің тілін тапқыңыз келсе...

Енеңіздің туған күні қашан? Сыйлық үшін емес, сыйластық үшін оның қандай жұлдыз белгісінде дүниеге келгенін біліп алыңыз. Өйткені, сол арқылы мінез-құлқынан аздап та болса хабар алуға мүмкіндік бар. Әрине, әр адам қайталанбас тұлға. Дегенмен, екінші анаңыздың көңілінен шығып, тілін табам деген ниетте болсаңыз, мұның да көмегі тиері сөзсіз.

Егер енеңіз Тоқты жұлдызында туылған болса, онда оны нағыз "командир" деп біліңіз. Әр командирдің белгілі бір тәртіппен жүріп, бұйрық беретінін де ұмытпағайсыз. Ол сізді алғашқы күні-ақ үй шаруасының құрылымымен таныстырып шығады. «Жейденің жағасын кір шалмасын! Ешқандай шаңсорғыш деген болмасын! Үйдің ішін дымқыл шүберекпен сүрт!» деген сияқты. Командирдің бұйрығы талқыланбайтынын білуші ме едіңіз? Мұндай енеге жағу үшін ең жақсы тактика – бәріне мойынсұну. Тағы бір айтар кеңесіміз – еңбекқор болыңыз. Тоқты-енелер өздері де тыным таппайды, өзгелерді де тынбай еңбектенуге мәжбүрлейді.

Ал Торпақ белгісіндегі енелер үшін өмірлік құндылықтар бәрінен де маңызды. Сондықтан, оған ұлын қандай құнарлы аспен тамақтандыратыныңызды, дені сау ұрпақ сыйлайтыныңызды көрсете біліңіз. Өзіңізге қамқорлық танытып жатса, бас тартушы болмаңыз. Олар мұны кешірмейді. Кездескенде сәлеміңізді салып, құшақтап, бетінен сүйіңіз. Сусын ұсынса, тауысып ішіп қойыңыз. Киім сыйласа – қуана қабыл алыңыз (тіпті оны кимейтініңізді білсеңіз де!). Үй тіршілігіне байланысты жаңа іс бастап жатса, қолдаңыз. Міндетті түрде. Өйткені, қарсыласқанмен, жеңе алмайсыз. Торпақ-енелердің ең жақсы жері – ол ұлына қандай қиындық болса да, отбасын сақтап қалуға кеңес береді.

Енеңіз Егіздер болса, тіл табысу қиынға соқпайды. Бастапқыда сізге заманауи, көңілі жас ана болып көрінуі мүмкін. Солай екен деп тым еркінсіп кетпеңіз. Онысы сізге арналған сынақ болуы ғажап емес. Алдаймын, жақсы көрінем деп те әуреге түспеңіз. Егіздер адамның қандай екенін көзінен-ақ біліп қояды. Ол сөйлесе, сөзін бөлмей тыңдаңыз. Өзіңіз де жақсы сөйлей біліңіз. Тұйықтық пен ұялшақтықты аса ұната бермейді. Алайда барыңызды жайып салуға да асықпаңыз. Көбіне ортақ тақырыптарда, мәселен, табиғат, фильм, басылымдар жайын сөз қылып, жаңалықтарды жеткізіп тұрыңыз.

Өмір жолыңызда жолыққан жарыңыздың анасы Шаян шоқжұлдызынан болса, жолым болды деп біліңіз. Шаян-аналар ұлының таңдауы мен қалауына қарсы келе бермейді. Сондықтан, сізді де аса қатты сынға алмауы мүмкін. Қарым-қатынастарыңыздан сыпайылық, жатбауырлық байқасаңыз, жабырқамаңыз. Енеңізге құшағыңызды ашып, оған мейлінше жылы сөйлесеңіз, ол да сізге солай жауап қайыра алады. Келінін өз қызындай көру қолынан келеді. Бұл отбасының өз дәстүрін игеріп, әуестіктерін білуге талпыныңыз. Жиі-жиі кішігірім сый жасап тұрсаңыз, міндетті түрде жомарт жауап аласыз.

Арыстан жұлдызындағы енеге келін болудың өзі үлкен еңбекке татиды. Бастапқыда ол сізді ұлына тең көрмейтінін ашып айтуы әбден мүмкін. Атақты адамдардан кімдерді танитыныңыз, қандай әулеттен шыққаныңыз, әулет мүшелерінің абырой-беделі – Арыстан-енені қызықтыратын, міне, осылар. Ештеңеге қарамастан енеңізге ашық құрмет, қалтқысыз қызмет көрсетіңіз. Қарым-қатынаста тым еркелеп, тым жақындап та кетпей, ресмиге ұқсас қатынаста болыңыз. Басты ұстанымыңыз – алдын кеспеу, қарсыласпау, ал басты қаруыңыз – мақтау болсын. Енеңізді әр жетістігі үшін мақтаңыз. Мәселен, ұлын тәрбиелі азамат етіп өсіргені үшін, ұлттық тағамдарды өте жақсы әзірлейтінін, т.с.с. Мақтауын жеткізе білсеңіз, өзіне дән риза болған енеңіз сіздің ісіңізге араласа бермейтін болады.

Енеңіз Бикеш болса, ақыл-кеңес жағынан кенде болмайтыныңызды біліп қойыңыз. Алғаш келін болып түскен күннен-ақ ол сізге көп нәрсені үйрететін болады. Қиын сәттерден де ақыл-кеңесімен алып шығады. Бірақ, тоқтаусыз айтылған ақыл орынсыз болып кетуі де ықтимал. Қалай болғанда да, сабырсыздыққа бой бермей, енеңіздің ақылын тыңдай біліңіз. Ендігі ақылы маған қажет емес деген ойға салынбауыңыз қажет. Расында өз ақылыңыз өзіңізге жетіп жатқан болса, енеңіздің айтқанын тыңдаңыз да, қажетін алып, қажет емесін ұмытып кете салыңыз. Тек ақыл айтуын тоқтатуды талап етпеңіз. Оған қоса, үнемшіл болыңыз және сырт келбетіңізге де ұқыпты болыңыз. Ысырапшылдық пен салақтық, ұқыпсыздықты сіздің енеңіз жаратпайды.

Таразы енеге келін болсаңыз және оған қоса қайынатаңыз да оның жанында болса, онда айыңыздың оңынан туғаны. Ал, қандай да бір жағдаймен енеңіздің ері жанында болмаса, онда біраз нәрсеге көндігуіңізге тура келеді. Мәселен, күйеуіңіздің жылы сөзі, оңаша уақыты, жылы сөзі екіге бөлуі мүмкін. Себебі, енеңіз де ер адамның мейірімін, ықпалын қажет ететін болады. Кейде, тіпті сізді өзіне бәсекелес көріп, жан жарыңыздың алдында абыройыңызды түсіруге талпынуы да мүмкін. Ашық түрде емес, әлбетте. Астарлы сөздермен, мақтай отырып, кемшіліктеріңізді көзге шұқу оның қолынан келеді. Шамасы, ұлын келінінен қызғанатын енелер де осындай Таразылардан шығатын болуы керек. Бәріне шыдамды болыңыз.

Сарышаян белгісінде туған ененің сенімінен шығу сіз үшін оңай болмасы анық. Ол шыдамыңызды ұзақ уақыт бойы сынайды. Жүйкеңізге тиетін нәрселерді сөз қылып, өзі мұны байқамағандай болып отырады. Тіпті, кейде жүйкеңізді жұқартып, шынайы бет-бейнеңізді көру үшін әдепсіздік танытып, жөнсіз қылыққа жол беруі де мүмкін. Мұның барлығы да сіздің сырыңызды ашып, ішіңізді барлап білу үшін екенін есте сақтағайсыз. Қарсы әрекет ретінде сіздің де аздап ойын ойнауыңызға болады. Тек ол барынша шынайы болып көрінетін болсын. Айталық, әлдеқашан ізі өшіп кеткен болмашы бір оқиғаға байланысты көңілсіздігіңізден, қайғыңыздан хабар беріп қойыңыз. Осылайша өмір жолы күрделі, жан-дүниесі терең, қарама-қайшылыққа толы пенде ретінде әсер қалдыра аласыз. Сонда енеңіз төзіміңізді сынауын тыятын болады. Бірақ біршама уақытқа ғана. Ең дұрысы – алыстан сыйласу болар, бәлкім...

Мерген-енелер ақылды, көңілді, сонымен қатар аса белсенді, тынымсыз болып келеді. Олар шаңырағына келген келіннің зиялы, білімді, биік мансабы бар болғанын армандайды. Сол себепті, жоғарғы біліміңіз жоқ болса да, ағылшын тілін жақсы білуге талпыныңыз. Үнемі өзіңізді дамытып, біліміңізді толықтырып, ізденіс үстінде болыңыз. Енеңіздің алдында өзіңізді іскер келіндей көрсетіңіз. Қабілетсіз адам болмайды ғой, өз бойыңыздағы жақсы жақтарыңызды ашып көрсетіңіз. Сыртқы сұлулық жағынан енеңізбен ашық жарысқа түспегеніңіз абзал. Не нәрсе болса да, одан асып түсуге талпынбаңыз, керісінше, оның сізден әлдеқайда артық екенін мойындап, мақтап қойыңыз. Осылай етсеңіз, қамал соғыссыз-ақ алынады. Есіңізде болсын, Мерген-енемен дін, идеология, ер мен әйелдің қатынасы секілді салмақты тақырыптарда пікір алмаспаңыз!

Егер Тауешкі-ененің келіні болсаңыз, ол кісінің Сізді көрген жерден бауырына тартып, жақындасып кетуі екіталай. Бірақ бет жыртысатын отбасылық жанжалға да жол бермейді. Олар сыртқы сыпайылық пен қалыптасқан дәстүрді берік сақтағанды жөн көреді. Сондықтан, сіз де классикалық үлгідегі келін болыңыз. Отбасы мүшелерінің ас-ауқатын дәл уақытында ұсыну, отбасылық мерекелерді ұмытпай, тиісті адамдарды тиісті уақытта құттықтау секілділер енеңіздің көңіл құлпын ашатын кілтіңіз бола алады. Оған қоса, ресми сыпайылық талаптарына толықтай сай келіп, бар ғұмырыңызды оның ұлына арнайтыныңызды дәлелдей алсаңыз, енеңіздің ықыласының сізге толықтай ауатынына кепілдік береміз.

Суқұйғыш жұлдызында туған енелердің келіні қандай бақытты! Себебі, олардың демократияшыл келетіні соншалықты, «келінім мынадай болуы керек, анадай болуы керек» деп талап қоймайды. Ұлының таңдауына үнсіз ғана келіседі. Біраз уақыт үйреніскен соң сіздің де кез келген таңдауыңызды қолдауы бек мүмкін. Бұл деген керемет емес пе?! Бірақ, қай таяқтың болмасын, екі ұші бар. Осыны ескеріп, енеңізге «біз үшін ештеме жасамайды, көмек көрсетпейді» деп ренжімеуге тиіссіз. Алдын ала айтып қояйық, Суқұйғыш-енеңіз сіздерге арнап қысқы азық әзірлемейді, қаржысын өзіне жұмсағанды жөн санайды, тіпті немерелеріне де алтын уақытын көп арнамауы мүмкін. Ол үшін бұл айтылғандардан гөрі өз жұмысы, жанының тыныштығы және ескі достарымен әңгіме-дүкен құру маңыздырақ. Осыған көндігуге дайын болыңыз.

Балықтар психологиялық тұрғыда әлсіз келетін сияқты. Себебі, сіздің енеңіз Балықтар жұлдызы астында өмірге келген болса, келінінен психологиялық қолдау, көмек күтеді. «Апа, қалыңыз қалай?» деп сұрай қалсаңыз болғаны, өз басындағы жайсыздықтарды тізе жөнеледі. Ол көбінесе жүйкеге салмақ салатын түйткілдер болады. Ағайын-туыс, көрші-қолаң арасындағы болмай тұрмайтын келіспеушіліктер, сыпсың сөз, жүз шайысу – осының барлығы сіздің енеңіздің жүйкесін жұқартады. Сөйтіп, сіз халін сұрай қалғанда бір шер тарқатып алады. Сондықтан, енеңіздің халін сұрамас бұрын, уақытыңыз бен шыдамыңыздың жететініне көз жеткізіп алыңыз. Дегенмен, жағдайын жиі сұрап, әңгімесін суытпай тыңдап отырған да дұрыс.