Жұлдызыңыз бойынша қай елге ұқсайсыз?

0
2 866

Әлемнің әрбір елінің де өзіндік бет-бейнесі, мінез-құлқы болады дейді. Ал, астрологтар олардың ішіндегі кейбірі қандай да бір жұлдыз белгісінің мінездемесімен сайма-сай келетінін айтады. Ендеше, біле жүріңіз, Сізден аумайтын қандай ел бар екен?


Жұлдызыңыз бойынша қай елге ұқсайсыз?

Фото: ашық дереккөзден


Тоқты — Ирландия

Кішкентай, бірақ, тәкаппар да намысқой ел. Ішкі әлемін үлкен жазықтар алып жатыр, климаты жұмсақ. Ал, сырт аймақтары болса асу бермес жартасты жағалаулар мен құбылмалы әрі қауіпті шығанақтары қоршап, қорғап жатады. Халқы ешкімге өздігінен тиіспейді, ал соқтыққанның сазайын бермей қоймайды.

Тоқтылардың мінезі жайлы да осыларды айтуға болады.


Торпақ — Швейцария

Швейцария десе еске ең алғаш келетіні — керемет табиғат көріністері, таудың саф ауасы, әдемілік, жайлылық, сытырлап жанған оттың қасында, пеш түбінде түбіт оранған адамдар... Екінші еске түсетіні — сапа мен сенім. Швейцария банкі, сағаты, ең тәтті шоколады — бәрі де көңілге сенімділік ұялатады. Ондағы өмір бірқалыпты, тұрғындары салмақты, өзіне қатысы жоқ істерге тұмсық тыға берейді. Өз өмірі мен мәселелеріне де ешкімді етене араластырмайды.

Торпақтардың да мінезі тура осындай. Оларға ортақ тағы бір нәрсе — өздерін жоғары бағалап, қызметі мен тауары үшін қымбат құн сұрайтындығы.


Егіздер — Үндістан

Кереғарлық, қарама-қарсылық елі. Мұндағы мұхит жағалауларынан жұмаққа бергісіз жерлерді, сәулетті ғимараттарды, бейбітшілікке үндейтін дін мен өмірдің мәнін терең түйсінген даналарды, әуезді әуені мен әсем биін көруге болады. Ал, ішкі бөлігіне кірсең, күл-қоқыс пен кедейшілік, қажыған жүздер мен арып-ашыған адамдар көрініс береді. Осының бәрін көріп шыққан адамда тек екі пікір ғана қалуы мүмкін. Олардың бірі Үндістанға ғашық болып, барлық кемшіліктеріне қарамастан жақсы көреді, ал енді біреулері «қайта аяқ баспаймын» деп қайтады.

Егіздермен де солай. Оның мінезінің қыр-сырын біліп алған соң алдыңда екі ғана жол тұрады. Не жаманына көз жұмып онымен қарым-қатынасты жалғастыра беру, не ат құйрығын шорт кесіп, алыстан сыйласу.


Шаян — Дания

Данияның қатал климатына қарамастан, тұрғындары өздерін әлемдегі ең бақытты ұлт санайды. Мұны ұғыну үшін жай ғана хюггеде тұрып көру керек дейді дат халқы. Өздері солай етеді де: айнала шырақ жағылған бөлмеде алауошаққа отты салып қойып, какао мен зефирді, кітап пен жамылғыны қолға алып, жайлы орында уақытын жақсы өткізеді. Олар үшін бұл - ең бақытты сәт.

Шаянның да өмірлік ұстанымы осындай деуге болады. Өзіне де, жақындарына да барынша жайлы өмір құрып, өмірдің мәні, бар бақыты осында деуден талмайды.


Арыстан — Америка

Әлемдегі ең күшті, ең демократиялы, ең бостандықсүйгіш, ең ұлы ел. Ол бәріне құшағын жайып қарсы алады, қабылдайды. Әйткенмен, қай елден келмесін, қай ұлттан болмасын, бәріне билігін орнатып, өз дегенімен жүргізеді. Айтыңызшы, әлемдік Арыстанның нақ өзі емес пе? Ал ондағы әлемге танымал Бостандық ескерткіші ше? Ол Американың ғана емес, бостандықты бәрінен жоғары қоятын Арыстан белгісінің де символы бола алады.


Бикеш — Сингапур

Ол — арал. Ол — мемлекет. Ол — қала. Ол — астана. Кішкентай ғана аумақта орналасып алып, бір бойына осынша сипат пен сәнді, байлық пен берекені сыйғызған мекен. Онда таза су жоқ, ауыз су мен құмды Индонезиядан алып тұтынады. Десе де, әлемнің ең әдемі бақтары, жасыл желектері осында жайқалып тұр, сенесіз бе? Ал, заңының қаталдығы мен тұрғындарының тәртіпке бағынғыштығы бөлек әңгіме.

Бикештер де солай. Олар кез келген тастақты көп ұзамай оазиске айналдыра алады. Жүріп өткен жерін жайқалтып не жинап кетеді. Тәртіпке келтіру, тәрбиелеу дегенді де Бикешке беріңіз.


Таразы — Англия

Ағылшындардың әзіл-оспағы, сыпайылығы мен сыйластығы, джентельмендер мен ханымдар, патша әулеті — бұл елдің бүкіл әлем білетін сиапты осындай. Ғаламшарымызда Англияны білмейтін, ағылшын білінде бір ауыз болса да сөйлемейтін адам кемде-кем. Оның үстіне, тарихтың әр кезеңінде ағылшын отары болған елдер қатары да көпшілік.

Осының бәрін есепке алғанда, бойындағы кемшіліктеріне қарамастан, көп адамның сүйіктісіне айналған, басым көпшілігі танымал тұлғаларға айналатын Таразыларды Англияға қалай ұқсатпасқа?!


Сарышаян — Камбоджа

Камбоджа әлем жұртшылығын өзінің әдемі де әсерлі, жұмбақ пен сырға толы табиғатымен тартады. Ондағы адамдар да ашық-жарқын, көңілді, әлемге махаббат толы көзқараспен қарайтын жандар. Жердегі жұмақ дерсің. Тек елде өткен ғасырларда орын алған азамат соғысын, төңкерістерді есепке алмағанда. Әй, бірақ, ондай оқиға мен мінез кімде болмайды дейсің.

Сарышаяндардың жанында да солай, жайлы да жылы. Тек, мінезіндегі жабулы жатқан «минаның» үстінен түсіп қалмасаңыз...


Мерген — Аустралия

Аустралия құшағы ашық, сырттан келушілерді достық пейілмен, жылы шыраймен қарсы алатын ел. Оған қоса, ақылды да білімді, ұстанымға берік. Дегенмен, табиғаты тамашалығымен көз тарта тұра, жан-жануарлар әлемі қауіпті. Әр қадам сайын аяқ астына жақсылап үңілмесең, улы тіршілік иелерінің үстінен түсуің мүмкін. Мұнда улы өрмекші, улы шаян дегендер өріп жүреді. Үй-жайлардан жыланды кездестіріп қалу да жиі орын алатын жағдай. Сондықтан, мұндағы өмірдің қызығы мен қауіп-қатері қатар өрбіп жатады. Тап бір Мергеннің оқиғаларға толы өміріндей.


Тауешкі — Германия

Заң мен тәртіп, ұқыптылық, тақуалық, тазалық — мұның бәрі Германияға тән сипат. Ондағы кітапханаларда мүлгіген тыныштық орнап тұрады. Әскери тәртібі көптеген елдерге үлгі. Мұнда тек мереке кезінде ғана қалжыңдасуға болады. Басқа күндері байсалды қалыптан танбауға тиіссіз.

Жалпы, осындай мінез-құлқымен танылған Германиядан да, Тауешкіден де көп жақсыны үйренуге болады.


Суқұйғыш — Израиль

Қанша шабуылжар мен басып алуларды басынан өткізсе де, тарих бетінен жойылып кетпеген ел. Ғасырлар бойы Ассирия, Вавилон, Римнің, арабтар мен Осман империясының қоластында болса да, ұлттық мәдениетін, ерекшелігін жоғалтпаған халық. Оңтайлы сәті туғандатәуелсіздігін алып, Израиль туын қайта тіккен ұлт. Рас, егемендігін бүкіл әлемге жария еткен күннің ертесіне оларға бір емес, бес ел бірден соғыс жариялап, қайта тап берді. Алайда, қаһарман халқы әлі күнге берілер емес. Сыртқы елдермен соғыс жүргізіп жатса да, іштей гүлденіп, баю үстінде.

Мінезінде төзімділік пен табандылық, қайсарлық пен қажырлылық басым болып тұратын Суқұйғышты Израильден басқа елге теңеу мүмкін емес.


Балықтар — Жапония

Бұл мемлекеттің жерін ғаламдық кеңістік бөліп-бөліп лақтыра салған сияқты, түсініксіз. Сол сияқты, тұрғындарын да түсіну қиын. Дегенмен, бұл оларды алаңдатпайды. Жапон халқының ойы одан да маңызды мәселелерге алаң. Олар болашаққа көз тігеді, жоғары технологияларды жасауға жұмсайды бар уақытын. Жапония деріне екінің бірі кіре де алмайды. Бұл жағынан елдің саясаты басқаларға қарағанда қаталырақ.

Бүгінінен көрі ертеңін көп ойлайтын, ішкі әлемін екінің біріне аша бермейтін Балықтармен ұқсас тұстары да осы.

Аударған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ