​Ақ үйде Джо Байден Украина президенті Владимир Зеленскийді қабылдады

0
559

АҚШ-тан соң Зеленский Ұлыбритания, Германия, Францияға баруы да мүмкін.


​Ақ үйде Джо Байден Украина президенті Владимир Зеленскийді қабылдады

ERNUR.KZ. Ақ үйде Джо Байден Украина президенті Владимир Зеленскийді қабылдады, деп жазады 24.kz.

Кездесуде негізінен қорғаныс мәселесі қаралды. АҚШ Украинаға 1,8 млрд доллар болатын кезекті әскери көмек көрсетеді. Оған Patriot қорғаныс жүйесі мен зениттік-зымыран кешендері кіреді. Украина Президентінің сапары Конгресс келер жылы Украинаға төтенше көмек көрсету үшін шамамен 45 млрд доллар шығындар пакетіне дауыс беретін сәтте болып жатыр.

Жалпы Конгресстің қарауында жатқан Украинаны қаржыландыру траншы бұрын-соңды болмаған ең қомақты сома болып отыр. Зеленскийдің Вашингтонға сапары өте құпия түрде жүрді. Тіпті АҚШ Елшілігінің қызметкерлері де білмеген. Украина басшысы Польша арқылы америкалық әскери ұшақпен келгені белгілі болды. Соңғы 10 күнде тез арада ұйымдастырылған бұл сапардың маңызы қос тарапқа да айырықша. Қазір Украинаға әуе қорғанысын күшейтетін Patriot зениттік-зымыран кешені ауадай қажет. Ал Байден бүкіл әлемге өзінің қолдауын ары қарай да жалғастыра беретінін байқатты. Сонымен АҚШ Украинаға 2 млрд долларға жуық кезекті әскери көмек жіберетін болды. Ақ үйдегі кездесуден кейін бірлескен баспасөз конференциясын берді.

"Сонымен, мен қолдауды тоқтататындай еш себеп көріп тұрған жоқпын. Біз НАТО-дағы одақтастарымызға, Қорғаныс министріне, мемлекеттік хатшыға жүгінген кезде және әлемнің түкпір-түкпірінен, Жапониядан және басқа да көптеген елдерден тұрақты қолдау табамыз. Сондықтан мен Украинаны қолдаудың ынтымақтастығын өте жақсы бағалаймын", - дейді АҚШ Президенті Джо Байден.

Соғыс басталған соң он айдан кейін Зеленскийдің сапарлауы да кездейсоқ емес. Өйткені Украинаға халықаралық аренда қолдау көрсету мәселесі де сынақ алдында тұр. Ресейге салынған санкциялар энергия бағасын күрт өсірді. Әсіресе орыстың мұнайы мен газына тәуелді Еуропаға қиын тиді. АҚШ-та келер айдан бастап Конгресстің Өкілдер палатасын бақылауға алатын республикашылар да Украинаға ауқымды көмек пакеттерін бірден бекітпейтіндерін білдірді. Сондықтан бұл сапардың маңызы зор.

Украинаның әуе қорғанысына аса қажет Patriot зениттік-зымыран кешенін дұрыс пайдалану үшін әлдеқайда көп маман қажет. Зымыран батареяларын дайындау әдетте бірнеше айға созылады. Сондықтан америкалық әскерилер украин сарбаздарын үшінші мемлекеттегі базада оқытады деп жоспарланған. Бұл жүйе әуе кеңістігіне жақындап келе жатқан баллистикалық және қанатты зымырандардан қорғаудың ең тиімді қаруы саналады.

Бірақ Ресей, АҚШ Украинаға Patriot жүйесін берсе оның салдары болатынын ескерткен. АҚШ-тан соң Зеленский Ұлыбритания, Германия, Францияға баруы да мүмкін.