Оқиға куәгерлері әлеуметтік желіде өрт пен аспанға көтерілген қою түтіннің видеоларын жариялады.
Фото: x.com
ERNUR.KZ. АҚШ-тың Луизиана штатындағы Chalmette Refining мұнай өңдеу зауытында күшті жарылыс болып, артынша өрт шықты, деп жазады ulysmedia.kz.
Fox 8 телеарнасының хабарлауынша, оқиға 8 мамыр күні жергілікті уақытпен шамамен сағат 13:00-де Жаңа Орлеан маңында орналасқан PBF Energy компаниясының зауытында болған. Жарылыс риформинг қондырғысы аумағында тіркеліп, кейін ірі өртке ұласқан.
Оқиға куәгерлері әлеуметтік желіде өрт пен аспанға көтерілген қою түтіннің видеоларын жариялады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қатты жарылыс даусы естілген, ал кейбірі дүмпуден үйлер мен жақын маңдағы ғимараттардың шайқалғанын сезген.
Reuters агенттігінің жазуынша, өрт жергілікті уақытпен шамамен 14:30-да оқшауланған.
— Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ, зауыт қызметкерлерінің барлығы қауіпсіз жерде, — деп хабарлады БАҚ.
Билік өкілдері мен зауыт басшылығы ауа сапасына жүргізілген бақылау кәсіпорыннан тыс аумақта қауіпті деңгейдегі ластану анықталмағанын мәлімдеді. Қазір жарылыстың шығу себептері анықталып жатыр.


