Әзербайжан қорғаныс министрлігінің сайтында жарияланған мәлімдемеде елдің батысындағы 330 мың тұрғыны бар Гянджа қаласына және соның төңірегіндегі бірнеше аумаққа зымыран және снаряд оғы жауғаны хабарланды.
ERNUR.KZ. 4 қазан күні Әзербайжан қорғаныс министрлігі елдегі ең ірі деген екінші қаласы Гянджаға снарядтан оқ жауғанын мәлімдеп, шабуыл жасаған Армения деді, деп жазады centralasian.org.
Ереван Әзербайжанға қарата оқ атпағанын айтты. Бірақ Әзербайжаннан жікшіл аймағы Таулы Қарабақтың де-факто басшысы Гянджаға "біз шабуылдадық" деп, ондағы әскери әуе базасын көздегенін айтты. Екі елдің Таулы Қарабақтағы қақтығысына бір апта болды.
Әзербайжан қорғаныс министрлігінің сайтында жарияланған мәлімдемеде елдің батысындағы 330 мың тұрғыны бар Гянджа қаласына және соның төңірегіндегі бірнеше аумаққа зымыран және снаряд оғы жауғаны хабарланды. Мәлімдемеде Әзербайжанның "тиісті қарымта шара қабылдап жатқаны" айтылады.
Қорғаныс министрі Закир Хасанов Армения тарабының Әзербайжан территориясына оқ жаудыруын "ашық арандату" деп атап, оның әскери қимылдар аумағын кеңейетінін айтты.
Министрлік Әзербайжанның Тертер және Горадиз қалаларының да нысанаға алынғанын айтты.
Қорғаныс министрлігі қарымта шара деп нені айтқанын нақтыламады. Бірақ қақтығыс аймағында жүрген журналистер Таулы Қарабақтың бас қаласы Степанакертте жарылыстар болып жатқанын хабарлады.
"Әзербайжан күштері Степанакерттегі бейбіт тұрғындарды зымырандарымен атқылап жатыр" деді Армения қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Арцрун Оганесян. Бірақ Таулы Қарабақтың де-факто басшысы Араик Арутюнян әскери күштерінің Гянджадағы әскери әуе базасын жойдық деп отыр.
3 қазан күні Әзербайжан президенті Илхам Әлиев әскерінің Таулы Қарабақтағы бірнеше ауылды бақылауына алғанын мәлімдеген. Әлиев Тертердегі, Джебраильдегі және Фузулидегі жеті ауылды "азат еттік" деді.
Оганесян Әзербайжанның жеті ауылды бақылауына алғанын растамады, бірақ сол аймақта ауыр шайқастың болғанын айтты.
Екі тарап та қарсыласының зардабын әсіре бағалап, әскери қақтығыспен қатар ақпараттық соғыс жүргізіп отыр.
Таулы Қарабақ халықаралық деңгейде Әзербайжан территориясы саналады. Бірақ оны Ереван қолдауына ие ұлты армян сепаратистер бақылауда ұстап отыр. Армения күштері Таулы Қарабақ төңірегіндегі жеті аймақты да бақылап отыр.