Алматы тұрғындары пластик қалдықтарын жиһазға айырбастай алады

0
111

120 мың қақпақтан 11 орындық жасалған.


Алматы тұрғындары пластик қалдықтарын жиһазға айырбастай алады

Фото: gov.kz

ERNUR.KZ. Алматыда пайдаланылған пластик жеміс жәшіктерінен жиһаз жасауға мүмкіндік беретін экологиялық жоба жүзеге асырылып жатыр, деп жазады inbusiness.kz.

Қала тұрғындары пластик қалдықтарын арнайы Эко-хабтарға тапсырып, жиналған шикізатты дайын бұйымдарға айырбастай алады.

Іс-шараға Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасының басшысы Серік Әділбаев, URBIO зауытының өкілдері, сондай-ақ ECO Network пен Эко-хабтардың негізін қалаушы Евгений Мухамеджанов қатысты. Олар қайта өңделетін шикізатты өңдеу бағытындағы бірлескен жұмыстар туралы айтты. Акция жеңімпаздары тәжірибесін бөлісіп, сыйлықтарға ие болды.

Жоба аясында Satbayev University базасындағы Эко-хабта "Жиһазыңды жаса" акциясы өтті. Іс-шара барысында тұрғындарға пластик қалдықтарының қалай өңделіп, жиһазға айналатыны көрсетілді. Бұл туралы "Eco Almaty" ЖШС өкілдері мәлімдеді.

Жоба шарты бойынша тұрғындар пайдаланылған пластик жеміс жәшіктерін Эко-хабтарға өткізеді. Тапсырылған шикізат ECO Network цифрлық платформасында есепке алынады. Қажетті көлем жиналған соң оны жиһазға және басқа да бұйымдарға айырбастауға болады.

Алматыда пластиктен жаңа бұйымдар жасау тәжірибесі бұған дейін де қолданылған. Мәселен, оқушылар жинаған 120 мыңнан астам пластик қақпақтан "Оңтүстік" саябағына арналған 11 орындық жасалған. Оған шамамен 250 келі пластик жұмсалған.

Сонымен қатар 2024 жылдан бері "Мейірімді қақпақша" жобасы аясында қала тұрғындары миллионнан астам пластик қақпақ жинаған. Олардан шахмат жиынтықтары, салпыншақтар, шырша ойыншықтары және басқа да бұйымдар өндіріледі.

Қазір Алматыда ECO Network желісінің екі Эко-хабы жұмыс істейді. Олар Марков көшесінде және Satbayev University базасында орналасқан. Мұнда қайта өңдеуге болатын қалдықтар қабылданып, экологиялық акциялар өткізіледі.