БАӘ Ирандағы елшілігін жауып, дипломаттарын кері қайтарды

0
99

​Билік Иранның БАӘ аумағына жасаған жойқын зымыран соққыларын айыптады.


БАӘ Ирандағы елшілігін жауып, дипломаттарын кері қайтарды

Фото: iStockphoto

ERNUR.KZ. Біріккен Араб Әмірліктері Тегерандағы елшілігінің жұмысын тоқтатып, Иран Ислам Республикасындағы елшісі мен барлық дипломатиялық миссия мүшелерін кері қайтарып алатынын ресми түрде жариялады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Бұл шешім Иранның БАӘ аумағына жасаған жойқын зымыран соққыларына жауап ретінде қабылданып отыр. Тұрғын үйлерді, әуежайларды, порттарды және қызмет көрсету нысандарын қоса алғанда, азаматтық нысандарға жасалған шабуылдар жазықсыз бейбіт тұрғындардың өміріне қауіп төндірді. Бұл әрекеттер жағдайды ушықтыратын жауапсыз қадам, ұлттық егемендікті өрескел бұзу, сондай-ақ халықаралық құқық пен Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысына қайшы әрекет», - делінген мәлімдемеде.

Сыртқы істер министрлігі бұл шешім БАӘ-нің өз қауіпсіздігі мен егемендігіне қатер төндіретін кез келген агрессияға қатысты берік әрі айнымас ұстанымы екенін мәлімдеді.

Әмірліктер билігі Иранның «арандатушылық мінез-құлқы» аймақтағы тұрақтылықты қалпына келтіру күштеріне кедергі келтіріп, Таяу Шығысты қауіпті бағытқа итермелеп отырғанын ескертті.

Сонымен қатар, бұл қақтығыс тек өңірлік бейбітшілікке ғана емес, жаһандық энергетикалық қауіпсіздік пен әлемдік экономиканың тұрақтылығына да тікелей қатер төндіріп отыр.