Мультфильмдерде ҚАТЕ ТҮСІНІК қалыптастыратын СТЕРЕОТИПТЕР бар ма?

0
163

Бұрын неге мән бермегенбіз?


Мультфильмдерде ҚАТЕ ТҮСІНІК қалыптастыратын СТЕРЕОТИПТЕР бар ма?

Сурет: scorpiolikeyou.com

Disney студиясының ескі мультфильмдері балалық шақтың бір бөлігі сияқты. Ханзада мен ханшайым, озбыр хан мен қатыгез өгей ана, сиқыр, махаббат... Еске түссе, бірден бақытты балғын шаққа оралғандай боламыз. Өйткені, Disney-дің мультфильмдерін көріп, сонымен сусындап, бойына сіңіріп өскен бірнеше буын бар. Бұгінде олар өз балаларын да сүйікті кейіпкерлерімен таныстыруға тырысады.

Көп ата-ана бала тәрбиесін ертегідегі мейірімді ханшайымдар мен батыл ханзадаларға сеніп тапсыруға болады деп ойлайды. Өйткені мультфильмдерде жақсылық әрдайым жамандықты жеңеді, батыл ханзадалар сұлу аруларға көмекке келеді, ал барлық қиындықтың соңы үйлену тойымен аяқталады.

Бір қарағанда, мұның бәрі балаға жақсы үлгі беретін сияқты. Алайда кезінде қалыпты саналатын кейбір түсініктер қазіргі қоғамдағы құндылықтарға сәйкес келе бермейді. Сондықтан балаға мультфильмдегі оқиғаларды сол күйінде қабылдатпай, ондағы кейбір стереотиптерді бірге талқылап отырған пайдалы.


«Бақыттың кілті – ақ боз атты ханзаданың қолында»

Көптеген ескі мультфильмдерде махаббат бақытты өмірдің басты белгісі ретінде көрсетіледі. Күлшеқыз ханзадасын кездестіреді, Ариэль Эрикке қарай жол тартады, ал оқиғаның соңы үйлену тойымен аяқталады.

Мұндай сюжет баланың санасында бақытты болу үшін міндетті түрде романтикалық қарым-қатынас қажет деген түсінік қалыптастыруы мүмкін. Ал шынайы өмірде адамның бақыты бір ғана нәрсеге байланысты емес. Достық, білім, сүйікті іс, шығармашылық, өз бетінше шешім қабылдау, отбасы және махаббат – мұның бәрі адамның өмірін мәнді ете алады. Махаббаттың болуы маңызды болғанымен, ол өмірдің жалғыз мақсаты болуға міндетті емес.


«Бәріне көніп, бәріне жақсы көрінсең, түбінде бақытыңа жетесің»

Ертегілердегі тағы бір жиі кездесетін ой – ешкімге қарсы шықпай, бәріне жақсы сөйлеп, сабырлы болсаң, бақыттың өзі сені тауып келеді деген түсінік. Мысалы, Күлшеқызға қиын сәтте сиқырлы пері көмектеседі. Ақшақардың өмірі де ханзаданы кездестіргеннен кейін өзгереді. Яғни кейіпкерге қиын кезеңде бәріне көніп өткеру ғана керек сияқты, кейін міндетті түрде ғажайып болады. Ал шынайы өмірде мәселелер көбіне адамның нақты әрекетін, шешім қабылдауын және жауапкершілік алуын талап етеді. Өз олмысыңа сай болу, қажет жерде жауапкершілік алып, шешім қабылдау, өз шешімің үшін жауапкершілік алу мен ештеңе істемей күтудің айырмашылығын түсіну маңызды.


«Махаббат кез келгенді жақсы жаққа өзгерте алады»

«Сұлу мен Құбыжық» мультфильмінде романтикалық идеялардың бірі көрсетіледі. Белль қорқынышты сыртқы бейненің ар жағындағы жақсы қасиетті көре алады. Ал Құбыжық сүйіктісінің махаббат-мейірімінің арқасында ақырында қайтадан ханзадаға айналады.

Бұл ертегі әдемі, әрине. Әттең, өмірде де солай болса ғой! Шынайы өмірде махаббат кез келген адамды міндетті түрде өзгертеді деген заңдылық жоқ. Өзгерткен күнде де, жақсы жағына екеніне кепілдік жоқ.

Егер адам біреуді үнемі қорласа, қорқытып-үркітсе немесе оның жеке шекарасын қайта-қайта бұзса, «менің махаббатым оны өзгертеді» деп күту қауіпті болуы мүмкін. Яғни кез келген қиын мінезді адамды «құтқару» міндетті түрде біздің мойнымызда емес.


«Әйел бәріне қамқор болуы керек»

Ескі мультфильмдерде тамақ дайындау, жинау, өзгелерге қамқор болу көбіне мінсіз әйел бейнесінің бір бөлігі ретінде көрсетіледі. Ақшақар жеті ергежейліге тамақ дайындап, үй жинайды. Күлшеқыз да үй шаруасымен айналысады.

Бүгінде үй шаруасы тек әйелдің міндеті деген түсініктің міндетті ереже емес екені анық. Отбасындағы тұрмыстық жұмыстар мен жауапкершілік бір адамға ғана жүктелмей, бірге өмір сүріп жатқан адамдар арасында бөлінгені дұрыс. Үйдегі әр адамның өз үлесі мен жауапкершілігі болуы мүмкін.


«Басқа әйелдер – бәсекелес. Өгей шеше – озбыр»

Зұлым өгей шешелер, қызғаншақ әпкелер мен арам пиғылды сиқыршы әйелдер ескі мультфильмдердегі ханшайымдардың басты қарсыластары ретінде жиі кездеседі. Мұндай сюжеттер әйелдер бір-бірімен міндетті түрде бәсекелес болуы керек деген түсінік қалыптастыруы мүмкін.

Ал шынайы өмірде әйелдер арасындағы достық, қолдау және бір-біріне көмектесу де өте маңызды. Адамдардың бір-бірін бәсекелес емес, дос, әріптес немесе қолдаушы ретінде қабылдауы көптеген жағдайда әлдеқайда пайдалы.


«Үйлену тойы – қызықты оқиғаның соңы»

Классикалық Disney мультфильмдері көбіне оқиғаны кейіпкерлердің үйленуімен тәмамдайды. «Кейіпкерлер үйленді, демек олардың барлық мәселесі шешілді, енді тек бірге ұзақ та бақытты ғұрым кешеді дегенге көрерменді сендіреді.

Ал шынайы өмірде бар қызық пен шыжық осы жерден басталады. Үйлену тойынан кейін де көптеген мәселе туындайды. Тұрмыстық қиындықтар, көзқарастардың айырмашылығы, қаржы, міндеттерді бөлу, бір-бірін түсіну сияқты мәселелердің бәрі қарым-қатынастың бір бөлігі болуы мүмкін.

Сондықтан бақытты отбасы құру үшін тек бір-бірін жақсы көру жеткіліксіз. Бір-бірін тыңдау, келісімге келе білу, өзара құрмет көрсету және жанжалдарды ушықтырмай шешу де маңызды.

Мұнымен айтпағымыз – ескі мультфильмдерді ендігі көруге болмайды деген сөз емес. Отбасыңызбен бірге көріңіз, мархабат. Тек соңыра кейіпкерлердің әрекетін талқылап, дұрысы мен бұрысын ажыратуды ұмытпаңыз.Ертегілердің жақсы жағын қабылдап, ал өмірге сәйкес келе бермейтін стереотиптерін талқылау –экрандағы оқиға мен шынайы өмірдің айырмашылығын түсінуге мүмкіндік береді.

Аударған: Х. ОРАЛ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Үйдегі ДӘРІ-ДӘРМЕКТІ дұрыс САҚТАУ жолдарын білесіз бе?

ҚАРТ АТА-АНАға ешқашан АЙТУҒА болмайтын 6 сөз

ІСІНУ: негізгі себептері мен ең тиімді емі