Сотталушы пышақпен жәбірленушінің басының бет бөлігіне бір рет, кеуде тұсы мен ішіне кемінде 12 рет соққы жасаған.
фото: Sputnik / Андрей Старостин
ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданындағы Жәнібек ауылында бөлесін өлтірген ер адамға сот үкімі шықты, деп жазады sputnik.kz.
Оқиға биыл 18-нен 19 мамырға қараған түні, шамамен сағат 04:00-де болған. Сотталушы өз үйінде бөле туысымен бірге ішімдік ішкен. Екеуі мас болып, сөзге келіп қалған. Кейін олардың арасында жанжал туындаған.
"Сотталушы мас күйінде бөлесін өлтіруге әрекет жасаған. Ол оның аяғынан шалып құлатқан. Кейін қара сапты ас үй пышағын алып, жерде жатқан туысының мойнына екі рет сұққан. Оның қансырап жатқанын көргеннен кейін де қылмыстық әрекетін тоқтатпаған. Жұдырығымен және екі шынтағымен оның басына, жақ сүйегіне және денесінің оң жақ қабырғасына бірнеше рет қатты соққы жасаған", - делінген сот хабарламасында.
Сонымен қатар сотталушы пышақпен жәбірленушінің басының бет бөлігіне бір рет, кеуде тұсы мен ішіне кемінде 12 рет соққы жасаған. Жәбірленуші оқиға орнында көз жұмған.
Қылмысты жасыру үшін сотталушы туысының мәйітін үйінің артындағы қоқыс шұңқырына апарып, көміп тастаған.
Істі облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қарады. Ер адамға "адам өлтіру, яғни басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату" бабы бойынша айып тағылған.
Сот ер адамды кінәлі деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.


