Оның адам өміріне қаншалықты қауіпті екені әзірге белгісіз.
фото: istockphoto.com
ERNUR.KZ. Бразилияда ғалымдар жарқанаттардан бұрын белгісіз болған жаңа коронавирус түрін анықтады. Оның генетикалық ерекшеліктері COVID-19 және Таяу Шығыс респираторлық синдромын (MERS) тудыратын вирустарға ұқсас. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
BRZ batCoV деп аталған вирус Латын Америкасында таралған ұсақ жәндікқоректі жарқанаттардан табылған. Зерттеу үшін жануарлардың биологиялық үлгілері Бразилияның Мараньян және Сан-Паулу штаттарында жиналған.
Генетикалық талдау нәтижесі бойынша BRZ batCoV бета-коронавирустар тобына жатады. Бұл топқа COVID-19 қоздырғышы SARS-CoV-2, MERS вирусы (MERS-CoV) және атипиялық пневмонияның қоздырғышы SARS-CoV кіреді.
Ғалымдардың айтуынша, әзірге бұл вирустың адам үшін қауіпті екеніне дәлел жоқ. Алайда зерттеушілер BRZ batCoV құрамында шип тәрізді ақуыздың қысқа бөлімі бар екенін анықтаған. Ол адам мен жануар жасушаларындағы ферменттер арқылы ажырау процесіне ұшырай алады. Мұндай ерекшелік вирустың ағза жасушаларына енуін жеңілдетеді. Бұған дейін америкалық континенттегі жарқанат коронавирустарында мұндай жағдай тіркелмеген.


