Чехияда коронавируспен күреске иттер тартылмақ

0
599

Иттер тіпті симптомсыз науқастарды да анықтай алады екен.


Чехияда коронавируспен күреске иттер тартылмақ

ERNUR.KZ. Олар COVID-19 және қатерлі ісіктің кейбір түрі мен ішек инфекцияларын анықтау үшін арнайы дайындықтан өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Иттер безгек пен туберкулез белгілерін анықтайтыны бұрын да белгілі. Әлемде коронавирус өршіген кезде АҚШ, Ұлыбритания, Израиль және Біріккен Араб Әмірліктерінде осы жануарлардың иіс сезу қабілетін COVID-19 дертіне қарсы да қолдана бастады.


- Тәрбиеленушілеріміздің көбі бұған оңай үйренді. Тәжірибелі ит қауіпті иістің көбін аңғарады. Ең бастысы, олардың қатарына коронавирус иісін де қосу керек. Бірнеше рет өткізген тексеруден кейін бұл жобаның болашағы бар екенін түсіндік. 20 науқастың арасында ит он бесін дәл тапты, - дейді киногог Йозеф Коларж


Зерттеу нәтижелеріне сүйеніп, ғалымдар иттер COVID-19-бен ауырғандарға тән иісті айнытпай ажыратады деген пікірге келді. Тексеру кезінде тіпті симптомсыз науқастарды да анықтапты. Алайда, иттің барлығы бірдей бұл іске жарамайды екен. Арнайы дайындықтан өтіп жатқан 18 жануардың әзірше тек үшеуі ғана дайын. Қалғаны әлі де жаттығуы керек.


- Қашан дайын болатынын нақты айту қиын. Ең алдымен үйретілген иттер әуежайлар мен вокзалдарда қызмет етеді. Сол жерлерде тестілеу жасайтын дәрігерлерге көмектеседі. Бір нысанда екі иті бар екі кинолог жұмыс істейді деп жоспарлап отырмыз, -дейді кинолог Марек Кубер.


Арнайы дайындықтан негізінен лабрадор, ретривер, кокер-спаниель және овчарка тұқымдары өтіп жатыр. Алайда, бұл жобаға жануар қорғаушы ұйымдар өз наразылығын білдірді. Олардың пікірінше, коронавирус иттер үшін де қауіпті болуы мүмкін. Алайда, ветеринарлардың айтуынша, бұған дейінгі зерттеулер COVID-19-дың иттерге жұқпайтынын анықтаған.