Оның еңбек кітапшасында бір ғана мекеменің атауы жазылған. Бұл – бүгінгі күні сирек кездесетін құбылыс.
суреттер: кейіпкердің жеке мұрағатынан (ЖИ көмегімен өңделген)
Адам өмірінде өзі таңдаған мамандыққа шын беріліп, оны өмірінің мәніне айналдыратын сәттер болады. Ондай адамдарды атақ үшін емес, адал еңбегі үшін құрметтейді. Олар көп сөйлемейді, бірақ істеген ісімен өнеге қалдырады. Шымкент қаласының зообағында 38 жыл үздіксіз еңбек етіп, биыл ғана зейнеткерлікке шыққан Ләззат Көлбайқызы Базарбаева – сондай еңбек адамдарының бірі.
Оның еңбек кітапшасында бір ғана мекеменің атауы жазылған. Бұл – бүгінгі күні сирек кездесетін құбылыс. Әсіресе, тоқсаныншы жылдардың қиын кезеңінен өтіп, жалақының орнына азық-түлік алған уақыттарда да қызметінен кетпей, адал еңбегін жалғастыру – кез келген адамның қолынан келе бермейді.
– «Маған "Неге басқа жұмыс іздемедің?" деп көп айтады. Шынын айтсам, ешқашан басқа жерге барғым келген жоқ. Себебі мен жануарларды бала күнімнен жақсы көрдім. Осы жерге келгеннен кейін зообақ менің екінші үйіме айналды. Жұмысты ақша үшін емес, жүрекпен істесең ғана ұзақ жүресің екен», – дейді Ләззат Көлбайқызы.
Гүлдерге күтім жасаудан басталған еңбек жолы

Ләззат Көлбайқызы еңбек жолын зообақтағы гүлдер мен жасыл желектерге күтім жасаудан бастаған.
Сырт көзге бұл қарапайым жұмыс сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ келушілердің алғашқы әсерін қалыптастыратын да – сол әсем гүлзарлар мен күтімді аумақ.
– «Таңертең жұмысқа келіп, гүлдерді суарып жүргенде өзімді ерекше бақытты сезінетінмін. Әр гүлдің жайқалып өскенін көрудің өзі бір қуаныш еді. Зообақтың әдемілігіне кішкентай болса да үлес қосып жүргенімді сезінетінмін», – деп еске алады кейіпкеріміз.
Кейін ол аквариум бөліміне ауысады. Мұнда су асты әлемінің тыныс-тіршілігіне жауапты болады. Балықтардың күтімі, судың тазалығы, температурасы – бәрі де күнделікті бақылауды талап етеді.
Алайда оның еңбек жолындағы ең ерекше кезеңдердің бірі – тірі азық өсіруші қызметі болды.
Көпшілік біле бермейтін еңбек
Зообақтағы жыртқыш аңдардың қорегі өздігінен пайда болмайды. Қоян, тышқан және басқа да тірі азық түрлерін арнайы мамандар өсіріп, күтіп-баптайды.
Бұл – аса жауапты әрі ауыр жұмыс.
– «Кейде адамдар біздің жұмысымызды көрмейді. Бірақ әр аңның уақытында қоректенуі – үлкен жауапкершілік. Жануарлардың да өз тәртібі бар. Олар уақытын күтеді. Сондықтан бұл жұмыста демалыс деген ұғым болмайтын», – дейді Ләззат апай.
Таңнан кешке дейінгі тынымсыз еңбек, мереке мен демалыс күндеріндегі кезекшілік – мұның бәрі оның өмірінің ажырамас бөлігіне айналды.
Тоқырау жылдарының ауыр сынағын да бастан өткерген
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары көпшілік үшін оңай болған жоқ.
Жалақы бірнеше айлап кешігетін. Кейде ақшаның орнына ұн, май немесе қант секілді азық-түлік берілетін.
Көп адам басқа жұмыс іздеп кетті. Ал Ләззат Көлбайқызы зообақтағы жұмысын жалғастырып қалды.
– «Иә, қиын болды. Кейде айлықтың орнына азық-түлік алатынбыз. Бірақ сонда да "кетемін" деген ой болған емес. Өйткені күнде жұмысқа келіп, жануарларды көргенде бар қиындық ұмытылып кететін. Олар саған сөйлей алмайды, бірақ сенің келгеніңді күтеді. Сол жауапкершілік мені ұстап тұрды», – дейді ол.
Бұл сөздердің астарында үлкен махаббат жатыр.
Жануарларға деген шынайы жанашырлық болмаса, мұндай қиындыққа төзу мүмкін емес еді.
Жеті басшы, өзгермеген бір қасиет
Ләззат апай жұмыс істеген 38 жылдың ішінде зообақта жеті директор ауысқан. Әр кезеңнің өз талабы, өз тәртібі болды. Бірақ өзгермеген бір нәрсе бар еді.
Ол – Ләззат Көлбайқызының еңбекке деген адалдығы.
Әріптестері оны ешқашан жұмыстан жалтармайтын, тапсырылған істі тиянақты орындайтын, сабырлы әрі ақжарқын жан ретінде сипаттайды.
Жаңа келген басшылардың бәрі де аз уақыттың ішінде оның еңбекқорлығына көз жеткізетін.
– «Басшылар ауысып жатты. Бірақ мен үшін ең бастысы – жұмысым болатын. Қай басшы келсе де, маған сенім артты. Сол сенімді ақтауға тырыстым. Еңбек адамы үшін ең үлкен марапат – басшының да, әріптестің де құрметі», – дейді кейіпкеріміз.
Ұжымы – екінші отбасындай
Ұзақ жылдар бірге еңбек еткен адамдар бір-біріне туыстай болып кетеді. Ләззат Көлбайқызы үшін де зообақ ұжымы жай ғана әріптестер емес. Олар – қуанышын бөліскен, қиындықты бірге көтерген жандар.
– «Біз бір отбасы сияқты болдық. Біріміз ауырсақ, бәріміз уайымдайтынбыз. Біріміз қуанса, бәріміз бірге қуанышымызды бөлісетінбіз. Осынша жыл өте тез өтіп кеткендей көрінеді», – дейді ол.
Зейнетке шыққанмен, жүрегі зообақта қалды
Биыл Ләззат Көлбайқызы құрметті еңбек демалысына шықты. Бірақ ол зообақпен қоштаса алған жоқ.
Қазір де бос уақытында бұрынғы жұмыс орнына жиі барады.
Әріптестерімен амандасып, аң-құстарды аралап, бұрынғы жұмыс орындарын көріп қайтады.
– «Үйде отырып қалу маған қиын екен. Кейде таңертең оянып кетсем, әлі де жұмысқа баратындай болып тұрамын. Сағынамын. Сондықтан көңілім түссе, зообаққа барып қайтамын. Әріптестерімді көремін. Жануарларды көремін. Сонда бір жасап қаламын», – дейді ол күлімсіреп.
Сәл үнсіз қалған соң тағы бір ойын айтты.
– «Жануарлар мені ешқашан алдаған емес. Олар шынайы. Егер сен оларды жақсы көрсең, олар да соны сезеді. Мен өмірімде дұрыс таңдау жасағаныма ешқашан өкінген емеспін», – дейді Ләззат апай.
Еңбектің өлшемі – адалдық
Қазіргі жастар жұмыс орнын жиі ауыстырады. Жоғары жалақы, жайлы қызмет іздейді. Бұл – заман талабы шығар. Бірақ қандай дәуір болмасын, еңбегіне адал адамдардың орны бөлек.
Ләззат Көлбайқызының өмірі соның дәлелі.
Ол ешқашан үлкен мінберлерде сөз сөйлеген жоқ. Мемлекеттік марапат сұраған жоқ. Бірақ оның 38 жылдық еңбегі – тұтас бір тарих.
Бұл тарихта гүл де бар, аквариум да бар, жануарларға арналған тірі азық өсіру де бар. Бұл тарихта тоқырау жылдарының қиындығы да, ұжымның сыйластығы да, жануарларға деген шексіз махаббат та бар.
Бүгінде Шымкент зообағына келген мыңдаған адам аң-құсты тамашалап, демалып қайтады. Сол тыныш әрі үйлесімді тіршіліктің артында осындай көзге көрінбейтін еңбек иелерінің маңдай тері жатыр.
Ләззат Көлбайқызы Базарбаева – сондай жандардың бірі.
Оның ғұмыры бізге бір ғана ақиқатты ұқтырады: адамды ұлықтайтын – атақ емес, адал еңбек. Ал еңбекке деген махаббат ешқашан зейнетке шықпайды.
А.Уалиханқызы,


