Жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр
Фото: istockphoto.com
ERNUR.KZ. Қарағанды облысында 14 жастағы қызды көлік қағып, мерт қылды. Оны қағып кеткен әйел оқиға орнынан қашып кеткен, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Қайғылы оқиға Қарағанды облысының Петровка ауылында болған. 17 қазан күні кешкі сағат 21:00 шамасында 14 жастағы Ангелина Поганько серуеннен үйіне қайтып келе жатып, жолдан өтпек болған. Осы кезде оны көлік қағып кеткен.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, елді мекенді республикалық тасжолмен жалғайтын бұл учаскеде жарықтандыру мен жаяу жүргіншілер өткелі жеткіліксіз. Олардың сөзінше, орнатылған бейнебақылау камерасы да жұмыс істемейді.
Жақын маңдағы үйлердің тұрғындары тежегіштің дыбысын және соққыны естіген.
«Мен аулада тұрғанмын. Тежегіштің шықырлаған дауысын естідім. Көлікке отырып, іздеуге шықтым. Күдікті әйелді қиылыста қуып жеттім. Көлігінің нөмірін жазып алдым, біз одан озып кеттік. Алдыңғы мемлекеттік нөмірі жоқ екен, көліктің алдыңғы бөлігі де зақымданған. 102 нөміріне қоңырау шалып, болған жағдайды түгел хабарладым», – деді оқиғаның куәгері Анатолий Еремеев.
Ангелина оқиға орнында көз жұмған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, күдік күн сайын Теміртаудан Ботақараға дүкенге жұмыс істеуге қатынайтын әйелге түсіп отыр. Көліктің алдыңғы мемлекеттік нөмірі соққыдан жол-көлік оқиғасы болған жерде қалып қойған болуы мүмкін. Біраз уақыттан кейін әйел сол жерге қайта оралған. Қыздың туыстары оны сол жерде бірден ұстайды деп ойлаған.
«Бала жолда төрт сағат жатты. Бұл жермен көліктер өтіп жатты, ал ол қолын қалтасына салып, ары-бері жүрді. Оның оқиға орнында жүруге мүлде құқығы жоқ еді, оны бірден қамауға алуы керек болатын. Біз де заңдарды оқып, білеміз. Ал ол әлі күнге дейін сауда жасап, өз кәсібін жүргізіп отыр. Біз болсақ, түнде ұйықтай алмай жүрміз», – деді марқұмның әжесі Альмира Поганько.
Тергеу аяқталғанша көлік айып тұрағына қойылған. Ал көлік иесі болған жағдайға қатты алаңдап жүргенін айтады. Оның сөзінше, ол сағатына 50 шақырым жылдамдықпен, яғни рұқсат етілген жылдамдықпен келе жатқан. Сондай-ақ жүргізуші оқушының жолды белгіленбеген жерден кесіп өткенін, ал көліктің артқы орындығында кішкентай баланың болғанын жеткізді.
«Жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалдым, себебі көліктің артқы орындығында үш жастағы немерем отырған еді. Ол соққы алып, қатты жылады, есі шықты. Мен небәрі 30 минуттың ішінде қайта оралдым. Ешкімнен қашып жүрген жоқпын. Барып, кешірім сұрадық, ата-анасымен сөйлестік. Олар 30 миллион теңге сұрады, бірақ менің ондай қаражатым жоқ», – деді Гүлмира Рахменова.
Полиция екі бап бойынша қылмыстық іс қозғаған. Біріншісі – абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу, екіншісі – жүргізушінің жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалуы. Алайда қажетті сараптамалар аяқталғаннан кейін ғана кәсіпкер әйелді ұстау немесе күдікті деп тану туралы шешім қабылданады.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің жол-көлік оқиғаларын тергеу бөлімінің бастығы Нұрлан Аманжоловтың айтуынша, қазір қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
«Қазіргі уақытта қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Олар жүргізушінің кінәсін анықтауға мүмкіндік береді. Сараптама қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады», – деді Қарағанды облыстық полиция департаментінің жол-көлік оқиғаларын тергеу бөлімінің бастығы Нұрлан Аманжолов.
Сараптама көліктің нақты қандай жылдамдықпен жүргенін және қайғылы оқиғаның алдын алуға мүмкіндік болған-болмағанын анықтауы тиіс. Полиция өкілдерінің айтуынша, аталған баптар бойынша тараптардың татуласуына жол берілмейді. Егер жүргізушінің кінәсі дәлелденсе, оған бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін.


