Photo credit: Xinhua
ERNUR.KZ. Қытайдың оңтүстігіндегі Гуандун провинциясында «Матмо» тайфунының жақындауына байланысты 150 мыңнан астам тұрғын қауіпсіз аймақтарға көшірілді, деп жазады kaz.inform.kz.
Жексенбі күні таңертең Гуандун провинциясының су тасқынына қарсы күрес жөніндегі штабы табиғи апатқа ден қою деңгейін екінші сатыдан ең жоғары бірінші деңгейге көтерді. Сенбі кешке дейін барлығы 151 352 адам, соның ішінде 9 916 теңіз аймақтарынан эвакуацияланған.
Маусымдағы Тынық мұхиты тайфундарының ішінде 21-ші болып тіркелген «Матмо» солтүстік-батысқа қарай сағатына шамамен 25 шақырым жылдамдықпен қозғалып келеді. Мамандардың болжамынша, жексенбі күні түскі шамасында құрлыққа шығып, секундына 45 метрге дейін жететін екпінді желмен соғатын қуатты дауылға айналмақ. Тайфун соққан аймақтарда қатты жаңбыр мен жел күтіледі.
Тайфунға дайындық аясында сенбі кешінен бастап Чжаньцзян қаласында барлық оқу орындарының жұмысы уақытша тоқтатылып, өндірістік кәсіпорындар мен көлік қозғалысы да шектелді. Жексенбі таңынан бастап барлық автомагистральдер жабылды.
Гуандун провинциясының теңіз істері басқармасы теңіздегі қатынасты уақытша тоқтатты, ал құтқару қызметтері жоғары дайындық режиміне көшірілді.