Қаңтарда азық-түліктің әлемдік бағасы күрт өсті

0
2 461

Астықтың әлемдік бағасы ең жоғары – 7,1 пайызға көтерілді.


Қаңтарда азық-түліктің әлемдік бағасы күрт өсті

ERNUR.KZ. 2021 жылдың қаңтарында азық-түлік бағасының индексі 4,3 пайызға өсіп, 2014 жылдың шілдесінен бергі рекордтық көрсеткішке жетті. Бұл туралы бейсенбі күні БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы сарапшылары (ФАО) хабарлады, деп жазады ҚазАқпарат.

Астықтың әлемдік бағасы ең жоғары – 7,1 пайызға көтерілді. Бұған, ең алдымен, жүгеріге халықаралық бағаның күрт өсуі ықпал етті – ол 11,2 пайызға өсті. Бұл Қытайдан ауқымды сатып алу, АҚШ-тағы өндіріс пен қорлардың төмендеуі, сондай-ақ Аргентинада жүгері экспортына лицензиялардың уақытша тоқтатылуы аясында әлемдік деңгейдегі ұсыныстың одан әрі қысқаруымен түсіндіріледі.

Бидай бағасы әлемдік сұраныстың артуына және Ресей Федерациясының сауда көлемінің болжамды төмендеуіне байланысты 6,8 пайызға өсті. РФ-да 2021 жылдың наурызынан бастап бидай экспортына баж салығы екі есе артады.

Сондай-ақ ФАО Еуропалық одақта, Ресейде және Таиландта жеткізілімнің төмендеуіне және Оңтүстік Америкадағы құрғақ ауа райына байланысты жоғары әлемдік импорттық сұраныс пен алаңдаушылық аясында қант бағасының 8,1 пайызға өскенін хабарлады. ФАО мәліметтері бойынша сүт және ет өнімдерінің баға индексі тиісінше 1,6 пайызға және 1 пайызға өсті.