Күдікті 25 жылға дейін сотталуы мүмкін.
Фото: iStock
ERNUR.KZ. Тәжікстандық 27 жастағы Мадина Халимова маусымның аяғында 4 баласымен бірге өзенге секіріп кеткен. Өзі тірі қалғанымен, балалардың бәрі қайтыс болды. Қазіргі уақытта үш сәбидің денесі табылып, 5 жастағы үлкен қызының мәйітін іздеу жұмысы әлі жүріп жатыр, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Халимованың күйеуі мен туыстары оның «психологиялық ауытқуы бар» деп отыр. Алайда әйелдің адвокаты Бехруз Алиевтің айтуынша, күдіктінің ешқандай сырқаты жоқ. Мадина Халимованың үстінен «адам өлтіру» бабы бойынша іс қозғалған. Ол 15 жылдан 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Адвокат Халимованың әрекетіне тек күйеуіне деген қызғаныш себеп болған дейді.
«Сол күні жұбайым сатып алған жаңа көлігімен қалыңдық пен күйеу жігітті қалаға апарып тастады. Кешкі уақытта ол келген кезде, мен жүксалғыштан гүл мен костюмнің жатқанын көрдім. Сол сәтте қызғаныш қатты бойымды кернеді. Түнде күйеуімнің телефонына бейтаныс әйелден хабарлама келді. Хатты оқып қойған соң, қызғанышым үдей түсті. Содан кейін осы істі жасадым», – деп айтқан әйел.
Халимова жарына еш кінә артпайтынын атап өткен.
«Әуелі 3 баланы лақтырдым. Сосын төртінші баламды құшақтап, өзім секірдім. Суға түскенде жағдайым нашарлап кетті де, баламды жібере салдым. Сосын тал қармап, жағаға шықтым. Таң атқанша орманда отырып жыладым», – деді ол.