Ғалымдар COVID-19-бен ауырып шыққан адамдарда пайда болған иммунитет қаракүзеннен жұғатын вирустан қорғай алмайды деп санайды.
ERNUR.KZ. Данияда қаракүзендер жұқтырған коронавирус мутацияға ұшырады. Вирустың жаңа түрі әлдеқайда жылдам таралады, дейді Джордж Мейсон университеті Жүйелі биология мектебінің профессоры Анча Баранова, деп жазады sputnik.kz.
"Мутацияға ұшыраған штамм вирусты көп бөледі. Егер бұл инфекция адамдар арасында тарала бастаса, неге әкеп соғуы мүмкін? Былайша айтқанда, "супертаратушылар" көбейеді. Бұл індетке шалдыққандар вирусты өте көп адамға жұқтыруы мүмкін", - деді Баранова.
Ғалымдар жануардан алынған вирустың жаңа штаммы бастапқыдан ерекшеленетінін анықтады.
Биологтың айтуынша, қазір Данияда коронавирус жұқтырған қаракүзендердің ағзасында өзгеріске ұшыраған инфекция туралы ғылыми зерттеу жарияланбақ.
Зерттеушілер COVID-19-бен ауырып шыққан адамдарда пайда болған иммунитет оны қаракүзендер тарататын коронавирустан қорғай алмайды деп санайды.
Қаракүзендер арасында таралған коронавирус
Данияның премьер-министрі Метте Фредериксен 4 қарашада елдегі бүкіл қаракүзенді қырып тастау қажет екенін мәлімдеді. Айтуынша, олар мутацияланған коронавирусты адамдарға жұқтыруы мүмкін.
Биліктің пайымынша, бұл вирус антиденелердің түзілу процесін баяулатып, COVID-19-ға қарсы вакциналардың тиімділігін әлсіретеді.
Бір аптадан кейін Дания билігі тиісті заң қабылданғанға дейін коронавирусқа байланысты барлық қаракүзенді жоюды талап еткені үшін кешірім сұрады. Алайда адамзатты құтқару үшін оларды қыру идеясынан бас тартқан жоқ.