Қырғызстан мектепте ақша жинағандарға айыппұл салуды ұсынды

0
316

Қырғыз Республикасы Президентінің жарлығымен салынған тыйымға қарамастан мектептерде әлі де заңсыз ақша жинау жалғасып жатыр.


Қырғызстан мектепте ақша жинағандарға айыппұл салуды ұсынды

ERNUR.KZ. Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің құқықтық тәртіп, қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комитеті Қырғыз Республикасының Білім туралы заңына, Құқықбұзушылық туралы кодексіне мектепте заңсыз ақша жинағаны үшін айыппұл салуды қарастыратын түзетулерді бірінші оқылымда қабылдады, деп жазады inform.kz.

Заң жобасының бастамашысы ЖК депутаты Миргүл Темірбаеваның атап өтуінше, Қырғыз Республикасы Президентінің жарлығымен салынған тыйымға қарамастан мектептерде әлі де заңсыз ақша жинау жалғасып жатыр.

Осыған орай, мектепте тегін білім алу құқығын қамтамасыз ету, заңсыз ақша жинауға жол бермеу, оның ішінде мектептерде мемлекеттік қор құру арқылы осы заң жобасы әзірленді.

Ақшаны заңсыз өндіру фактілері анықталған жағдайда Құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауапкершілікке тарту ұсынылады.

Түзетулер Құқық бұзушылық туралы кодекске «Мемлекеттік білім беру ұйымдарында ақшалай қаражатты заңсыз өндіру» 74-1-бабын енгізуді ұсынады, оны бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 200 есептік көрсеткіш (20 мың сом немесе 113 мың теңгеден астам) айыппұл салынады.

Егер дәл осындай бұзушылық мектептерде мемлекеттік қор құру арқылы орын алса, онда бұл жеке тұлғаларға 400 есептік көрсеткіш (40 мың сом немесе 227 мың теңгеден астам) және заңды тұлғалар үшін 600 есептік көрсеткіш (60 мың сом немесе 340 мыңнан астам теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қырғызстанда балаларын қорғаншы мен қамқоршысынсыз қалдырып еңбек миграциясына кеткен ата-аналарға айыппұл салу ұсынылған.

Сонымен қатар, елде бетті жасыратын киім киюге айыппұл салу ұсынылып отыр.

Сондай-ақ Қырғызстанда қоғамдық орында азаматтардың жеке басын анықтауға мүмкіндік бермейтіндей бетін жауып тұратын киім киіп, көлемді сақал қойған азаматтарға заң бойынша айыппұл салу ұсынылған еді.